Кәсіпорындағы жұмысшылардың өтініші бойынша өндірісте вахталық ауысым уақытын 14 күнге ауыстыру, көгалдандыру жұмысын жеделдетіп, әлеуметтік-инфрақұрылдымдық даму бағдарламасына бөлінетін қаржыны көбейту сияқты бірқатар мәселені көтерді.
Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымымен кездесіп, заң шығарушы органның жұмысы мен қабылданып жатқан заңдар туралы ақпарат берді. Жиында депутат онлайн жарнама, шетелге шығарылған активтерді елге қайтару туралы заңдардың талаптары мен тиімділігі туралы айтып, «AMANAT» партиясының жобаларына да тоқталды. Соның ішінде «Ауыл аманаты» жобасының мақсат-міндеттеріне назар аударды.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Әділетті Қазақстан құру жолында біраз шаруа атқарылып жатыр. Осыған орай Парламентте, Үкіметте игі істер қолға алынды. Біз өңірлерде өзекті түйткілдер туындап жатқанын жақсы білеміз. Республикалық деңгейде шешілетін мәселелерді Үкіметке жеткізетін боламыз, – деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Ал Мәжіліс депутаттары Дүйсенбай Тұрғанов пен Әділ Жұбанов осы өңірдегі ірі мұнай-газ мекемелерінің ұжымымен кездесті. Жиынға «Ембімұнайгаз» АҚ, «Теңізшевройл» ЖШС және North Caspian Operating Company N.V. компаниясының өкілдері қатысты. Онда әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалар және көгалдандыру тақырыптары қозғалды.
Қазіргі таңда депутаттардың атсалысуымен «Теңізшевройл» компаниясы мердігер компаниялармен Теңіздегі ауысымдық жұмыс кестесін 28 күннен 14 күнге өзгерту бағытында келіссөздер жүргізуде.
Сонымен қатар Теңіз кенішіне жұмысқа жаңадан қабылданатын азаматтардың өздеріне жұмыс ауысымының уақытын, яғни 28 күндік немесе 14 күндік вахталық әдісті таңдауына мүмкіндік берілетін болады. Бұл мәселе толық шешілгенге дейін Мәжіліс депутаттарының тікелей бақылауында болады.
Кездесу барысында «Теңізшевройл» компаниясы іске асырып отырған «Игілік» бағдарламасының жылдық бюджетін көбейту және құрылыстарды сапалы жүргізу мәселесі көтерілді.
Сондай-ақ депутаттар «Теңізшевройл» компаниясын Жылыой ауданын көгалдандыру мәселелесін тездетуге шақырды.
2021 жылы облыстық әкімдік жасаған меморандум талаптарына сәйкес, «Теңізшевройл» мекемесі жоспарланған 647 га жердің 2022 жылы 15 га жеріне 9000 дана ағаш көшетін отырғызып, жоспардың 2,3%-ын ғана орындаған.