Ұшатын электромобильдерге алдын ала тапсырыстар қабылдау басталды. Alef Aeronautics компаниясының ұшатын көлігіне Федералдық авиация әкімшілігінен (FAA) арнайы ұшуға жарамдылық сертификаты берілді. Компанияға жол және әуе сынақтарынан өткізуге рұқсат етілгенін New York Post басылымы хабарлады. Ұшатын көліктің техникалық сипаттарымен америкалық басылымға сілтеме жасап Aikyn.kz таныстырады.
Фото Alef Aeronautics сайтынан алынды
Толығымен электрлі көлік қоғамдық жолдарда 300 шақырымға дейін жүре алатын және кәдімгі тұраққа сыятын көлік. Ол ауаға тігінен көтеріліп, 170 шақырымға дейінгі қашықтыққа ұша алады. Aeronautics компаниясының Model A көлігі «қалаған жеріне дейін әртүрлі кедергілерден өтіп жете алады». Ұшу кезінде жүргізуші мен кабина бірегей айналмалы механизмнің көмегімен тұрақтандырылады.
Ірі қалалардағы Alef көлігінің басты артықшылығы – ол кептелістерден қорықпайды. Кептелістерге кезіккен жағдайда тігінен әуеге көтеріліп, кедергіден кез келген бағытта ұшып шыға алады. Екі адамға арналған ұшатын көлікті сатып алушылар бүгіннен бастап алдын ала тапсырыс бере алады. Электромобиль құны шамамен $300 000 болады деп күтілуде.
Фото Alef Aeronautics сайтынан алынды
Alef Aeronautics ұшатын көлігі Федералдық авиация әкімшілігінен (FAA) арнайы ұшуға жарамдылық сертификатын алды, бұл компанияға көлікті жол және әуе сынақтарынан өткізуге рұқсат беретінін білдіреді.
Федералдық авиация әкімшілігінің (FAA) өкілі 2023 жылдың 12 маусымында Armada Model Zero ұшағына арнайы ұшуға жарамдылық сертификаты берілгенін растаған. Бұл сертификат әуе кемесін шектеулі мақсаттарда, соның ішінде көрмелерде, зерттеулерде пайдалануға рұқсат береді.
Фото FOX Business сайтынан алынды
«Біз бұл сертификатты FAA-дан алғанымызға өте қуаныштымыз», – дейді компанияны 2015 жылы құрған Alef бас директоры Джим Духовны. Духовны және оның негізгі әріптестері Константин Кислый, Павел Маркин және Олег Петров алғаш рет 2015 жылы дәмханада кездесіп, ұшатын көлік құрастыруды бастауға келіскен.
Компания өкілдері FAA сертификаты «адамдарды жасыл және жылдам жол жүруге жақындатып, жеке тұлғалар мен компаниялардың қала жолдарындағы, кептелістердегі уақыттарын үнемдеуге көмектесетініне» сенімді.