ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов Qazaq kuresi Ассоциациясының Президенті болып сайланды.
Qazaq kuresiиАссоциациясы қазақ күресінің әртүрлі ережелері бойынша жұмыс істеп келген үш федерациясының – Qazaq kuresi халықаралық федерациясы, Qazaq kuresi дүниежүзілік федерациясы және Qazaq kuresi республикалық федерациясын біріктіріп, 2022 жылдан бері толыққанды қызмет жасап келеді.
Ассоциацияның мақсаты – қазақ күресін республикалық және халықаралық аренада дамыту, оны олимпиадалық спорт түрлері бағдарламасына енгізу. Бүгінгі таңда барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда Qazaq kuresi Ассоциациясының тікелей бақылауымен жұмыс істейтін қазақ күресі федерациялары құрылған. Статистикалық деректерге сәйкес, елімізде 122 607 адам жаттығатын 3897 қазақ күресі үйірмесі бар. Оның ішіндегі 2735 үйірме ауылдық жерлерде орналасқан, онда 73 054 адам жаттығады. Жалпы қазақ күресінен жылына түрлі деңгейдегі 700-ден астам жарыс өткізіледі. Халықаралық аренада әлемнің 40-тан астам елінде қазақ күресі федерациялары жұмыс істейді.
Бір атап өтерлігі, Ассоциацияны басқаруға алғаш рет қазақ күресінің маманы келіп отыр. Ербол Мырзабосынов – қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, еңбек сіңірген жаттықтырушы. Ол «Qazaq kuresi» Ассоциациясының құрылуының басы-қасында болып, бас директор қызметін атқарды. Оның тікелей басшылығымен ел аумағында және халықаралық аренада қазақ күресінің бірыңғай Ережесі бекітілді. 2022 жылы Qazaq kuresi Ассоциациясы Біріккен Күрес әлемі (UWW) ұйымының құрамына енді. UWW аясында тұңғыш рет қазақ күресінен үш жас тобын қамтыған Әлем чемпионаты өтті. Бұл қазақ күресінің халықаралық кешенді жарыстардың бағдарламасына ену жолындағы маңызды қадам болып табылады. Философия докторы (PhD) дәрежесінің иегері Ербол Мырзабосынов спорттың ғылыми-практикалық аспектілерін зерттеумен айналысады. Астана қаласының Дене шынықтыру және бұқаралық спорт Академиясының ректоры қызметін атқару кезінде ол ғылыми жоба аясында қазақ күресіне іргелі және қолданбалы зерттеулердің жүргізілуіне бастамашы болды. Аталмыш ғылыми зерттеулердің нәтижелеріне UWW мамандары қызығушылық танытты. Олардың пікірінше, қазақ күресі олимпиадалық қозғалысқа тартылған және биомеханикалық дұрыс салынған, аса тартысты элементтерді қамтитын жекпе-жек түрлеріне жатады.
Ассоциацияның жаңадан сайланған президенті Ербол Мырзабосынов Qazaq kuresi Ассоциациясының қазақ күресі ережесін біріздендіру және төл күрестің халықаралық аренадағы танымалдығын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыратынын жеткізді. Ербол Қуантайұлы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың көп шығынды қажет етпейтін және балаларды теріс әдеттен аластататын спорт түрлерінің қатарында қазақ күресін дамыту қажеттігіне назар аударғанын атап көрсетті. Ол ұлттық спорт түрлері арқылы елдің имиджін көтеру мүмкіндігіне тоқталды. Мысал ретінде Жапонияның ұлттық спорт түрі дзюдоны келтірді. Е.Мырзабосыновтың пікірінше, қазақ күресі елді халықаралық аренада танымал ететін брендтердің біріне айналуы тиіс. Ол, сонымен бірге, қазақ күресінің Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының бағдарламасына енгізілуі медальдық көрсеткіштерін жақсартып, елдің имиджін қалыптастыруға оң әсер ететінін атап айтты. Сондай-ақ, Ербол Қуантайұлы жиын қатысушыларының назарын өзбектердің «Кураш» күресінің дамуына аударды. Азия ойындарының бағдарламасына енгізілген бұл күрес түрі Өзбекстанға 7 салмақ дәрежесінде медаль жеңіп алуға мүмкіндік береді. Қазақ күресі дәл осылай Азия ойындарының бағдарламасына енгізілген жағдайда жалпы командалық медальдық есепте жоғары орын алу мүмкіндігіміз арта түспек деп түйіндеді.
Ассоциация президенті сайланған жиынға Италия, Грузия, Әзербайжан, Грузия және т.б. елдердегі қазақ күресі федерацияларының басшылары, сондай-ақ UWW бюросының мүшесі Мария Родика Якшы онлайн қатысып, құттықтау білдірді. Мария Родика Якшы қазақ күресінің World Combat Games, яғни бүкіләлемдік жекпе-жек ойындарының бағдарламасына енгізілгенін хабарлады.