«Қазақ халқы жалқау, еріншек, қолынан ештеңе келмейді» деген жағымсыз әрі негізсіз айыптауларды тоқтату керек. Жамбыл облысының Қордай ауданына сапармен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай қадап айтты. Әйтпесе, Қордайдағы қақтығыстан кейін кейбір блогерлер қазақтардың өзін кінәлап, жалған жала жабумен әуестеніп кеткені белгілі.
1 наурыз – Алғыс айту күні ел Президенті Қордай ауданына жұмыс сапарымен арнайы келді. Ол осы күні тойлаудан гөрі, ауыл тұрғындарымен өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасуды жөн көріпті.
– Қордайда болған оқиға халқымызды дүр сілкіндірді, бүкіл әлемді елең еткізді. Шыны керек, бұл жанжал мемлекетімізге нұқсан келтірді. Абыройымызға зияны тиді. Енді тұтас ұлт болып осындай теріс тәжірибеден сабақ алуымыз керек. Ең алдымен, келешекте мұндай қасіретті болдырмау үшін тиісті шара қолдануымыз қажет, – деп атап өтті Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты арқасында Қазақстанның әлем жұртшылығына беделді, абыройлы, қарқынды дамушы ел ретінде танылғанын қордайлықтардың қаперіне салып, ендігі міндет осы жетістіктерді сақтап қалу, оны барынша арттыру екенін нықтады.
Жамбыл облысының жаңа басшылығының алдына аймақтың өсіп-өркендеуін тежейтін кедергілерді жойып, халықтың әл-ауқатын арттыратын шаралар қабылдау міндеті қойылды.
– Қақтығыс болған жерде ешқашан және ешқандай даму болмайды. Бұл – заңдылық. Өкінішке қарай, облыс басшылары бұл заңдылықты дұрыс түсінген жоқ. Сондықтан облыс басшылары, құқық қорғау органдарының басшылары толығымен ауыстырылды, қызметкерлер жұмыстан босатылды. Жаңа басшылар тағайындалды. Солардың арасында Бердібек Сапарбаев бар. Бұл азаматты жақсы танисыздар. Тәжірибесі мол мемлекеттік қызметші. Оның алдында тұрған мақсат – тұрақсыздыққа түрткі болатын жағдайларды түбегейлі жою және өңірдің дамуына серпін беру, – деді Президент.
Оның байламынша, тәуелсіздіктің арқасында қазақ халқы шын мәнінде мемлекет құраушы ұлтқа айналды. Мұның маңызы терең. Ең алдымен, бұл – мемлекетіміздің болашағы үшін ерекше жауапкершілік, қасиетті борыш. Ауыл ақсақалдары осы бағытта жұмыс жүргізіп, елдегі береке-бірлікті нығайтып, жастарымызға дұрыс жол көрсетіп, тәрбие беруі керек.
– Төл халқымыздың шынайы қасиеттері, болмысы қандай болуы керек? Бұл – бірінші кезекте, кеңшілік, жомарттық, жайсаңдық, жасампаздық деген сөз. Біз басқа ұлттарға, өзге елдерге өнеге, үлгі көрсетуіміз керек. Қазақ халқы бейқам, жалқау, еріншек, оның қолынан ешқандай жұмыс келмейді деген жағымсыз әңгімелерді доғару қажет! Бірақ осындай теріс пікірлерді тоқтату үшін өзіміздің еңбекқорлығымызды көрсеткеніміз жөн, – деген Мемлекет басшысы ақсақалдарды ұрпақ тәрбиесінде белсенділік танытуға үндеді.
Президент тергеу жұмыстары заңға сәйкес жүргізілетінін, заң алдында бәрі тең екенін ескертіп, Қордайдағы жергілікті қызметкерлердің пара алуы, шекара арқылы заңсыз сауда жүруі түйткілдерін шешуді тапсырды.
– Ауданда бір топ адам белсенді түрде контрабандамен айналысқан. Бұл – белгілі нәрсе. Осы іске басқа топ та қатысқысы келген. Бір сөзбен айтсақ, заңсыз табыс көзі үшін екі қылмыстық топтың арасында текетірес пайда болған. Бұл тайталас салдарынан көп адам зардап шекті. 11 адам қаза тапты. Оны ашық айту керек. Құқық қорғау органдары алдында тұрған мақсат – барлық қылмыскерлерді ұлтына қарамай, заңға сәйкес жазаға тарту. Онсыз елімізде тәртіп болмайды, – деді Қ.Тоқаев.