Тараздың Қаратай Тұрысов көшесі бойындағы құрылысы аяқталмаған нысан ел ішінде «ажал аймағы» атанып кеткен. Олай дейтініміз, дәл осы «сақалды» құрылыс аумағында өмірін қиғысы келген жастардың саны артып барады.
Ең әуелі аталған нысанның 5-қабатынан секірмек болған студент қызды медресе тәрбиеленушісі аман алып қалды. Биіктен секіруге бекінген қызды тәртіп сақшылары мен оқу орнының басшылары райынан қайтара алмағаннан кейін бойжеткенмен дін жолындағы азамат тілдеседі. Абырой болғанда, ол қызды өз-өзіне қол салу ойынан қайтарып, ажал тырнағынан құтқарып қалды.
Арада көп уақыт өтпей, құрылысы аяқталмаған осы нысанда тағы бір бойжеткен суицид жасамақ болды. Емтиханнан төмен бал алып қалған қыз «шәкіртақыдан қағылатын болдым» деп өз-өзіне қол салуға ұмтылған. Ол суицидке алдын ала дайындалып, анасына қоштасу хатын да қалдырған. Хатты оқыған жақындары бойжеткенге іздеу жариялап, оны «ажал аймағы» аталған нысанның 5-қабатынан табады. Мұнда да түсіндіру жұмыстарының арқасында қыз аман қалады.
Осы оқиғадан кейін қаланың қақ ортасында қаңырап бос тұрған нысанды жергілікті полиция қызметінің өкілдері қоршауға алып, тәулік бойы кезекшілік жүргізген. Алайда бұдан түк шықпай, 2021 жылдың наурыз айында аталған нысанның бесінші қабатынан тағы бір ер азамат секіруге әрекет етеді. 29 жастағы қала тұрғыны өзі жұмыс істейтін кәсіпорын басшылығы жұмыс барысында алған жарақаты үшін өтемақы төлеуден бас тартқаны үшін қамығып, өз-өзіне қол салуға бекінген. Абырой болғанда оқиға орнына учаскелік полицей Данияр Тазабеков дер кезінде жетіп, өзінің келіссөз кезіндегі шеберлігінің арқасында азаматты райынан қайтарды.
Ал биылғы мамыр айында қараусыз қалған құрылыс нысанының маңынан мектеп оқушысының мәйіті табылды. Полиция департаментінің мәліметінше, жасөспірім жоғары қабаттан секіріп кеткен.
«Жасөспірімнің Қаратай Тұрысов көшесінде орналасқан құрылысы аяқталмаған ғимараттан секіргені анықталды. Осы дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 105-бабы 3-бөлігі, яғни кәмелетке толмаған адамның өз-өзіне өлтіруге дейін жеткізу бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сот медициналық сараптамалары тағайындалды. ҚР Қылмыстық кодестік процестің 20-бабына сәйкес өзге де мән жайлар жария етуге жатпайды», – деп мәлімдеді Жамбыл облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.
Осы оқиғадан кейін жұрт «ажал аймағына» айналған нысанның құрылысын меншік иесі не себепті аяқтамай отырғанын сұрап, жергілікті билік өкілдеріне шағымданған. Алайда дәл осы қаңырап тұрған бос ғимараттың тылсымымен қатар, құпиясы да көп. Турасын айтсақ, нысан кімге тиесілі екенін бүгінге дейін ешкім тап басып айта алмады. Бір анығы, 2014 жылдың 1 тамызында «Береке-5» деп аталатын серіктестік нысанды Наталья Багданова есімді кісіден сатып алған екен. Одан әрі 5 589 шаршы метр жерді алып жатқан ғимаратты спорттық сауықтыру кешеніне айналдырмақ болған. Алайда арада 10 жыл өтсе де, нысан сол қаңыраған күйі тұр. Сондай-ақ «Береке-5» ЖШС иесі туралы да мәлімет табу қиын. Жерге жауапты мамандар ғимарат жекеменшікке тиесілі болғандықтан, оның құрылысына араласа алмайтындықтарын айтып, ақталған. Алайда Тараз қаласын Ержан Жылқыбаев басқарып тұрған тұста нысан студенттер жатақханасына айналатындығы туралы ақпар тараған-ды. Бірақ бұл жоба да толықтай жүзеге аспады. Сол себепті Тараз қаласы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөліміне қайырылып, аталған ғимараттың болашақ тағдыры туралы білген едік.
Қазір шаһарда 35 нысан «сақалды» құрылыс ретінде танылып отыр. Тоқтап қалған құрылысты аяқтау мақсатында қолға алынған шаралардың нәтижесінде 15 ғимарат толықтай салынып бітті. Ал 9 нысандағы құрылыс қаржылық қиындықтарға байланысты толықтай тоқтатылған. Олардың ішінде Қаратай Тұрысов көшесі, 5 «В» мекенжайы бойынша облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің артында орналасқан көпқабатты ғимарат та бар. Бірнеше оқыс оқиға болған бұл нысанның құрылысын аяғына жеткізу мәселесі ұзақ жылдар бойы көтеріліп келсе де, шешімін таппаған. Аталған нысанға қатысты мәселенің нүктесі жуық арада қойылады.
Сонымен қатар қалған 8 нысанның иелеріне де ескертпе хаттары жолданып, оларға 2 ай ішінде құрылысты жандандырып, келер жылдың аяғына дейін аяқтау туралы талап қойылған екен. Талап орындалмаған жағдайда олардың да мәселесі сот арқылы шешілмек.
Нұрсұлтан Арқабайұлының айтуынша, қалада құзырлы мекемелердің рұқсатынсыз құрылыс жүргізетін кәсіпкерлерге тоқтам болмай тұрған көрінеді. Заңға қайшы келетінін біле тұра мұндай әрекетке барған бизнес өкілдеріне қолданылатын жаза да қатал болмақ. Мәселен, қазірге дейін қала бойынша 49 ғимарат заңсыз салынғаны анықталып, 41-нің иелеріне 6 748 230 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Әрине, заңға бағынбағандарды жазалаған дұрыс. Алайда Қаратай Тұрысов көшесі бойындағы «сақалды» құрылыс сынды нысандарға қатысты батыл шешімдер қабылданғаны жөн. Себебі айыппұл салу арқылы адам өмірін кері қайтара алмаймыз. Сондықтан сот шешімімен сүрілмек болған нысан иесі тағы сытылып, жолын тауып құтылып кетпеуін құзырлы органдар қадағалайды деп сенеміз.
Жамбыл облысы
Саятхан САТЫЛҒАН