Аударыспақты әлем таниды

Алматыда Ат үстіндегі күрес (аударыспақ) федерациясының бірінші дүниежүзілік съезі өтті.

Басқосуға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, ҚХР, Венгрия мемлекет­терінің өкілдері қатысты.

Жиында Ат үстіндегі күрестен (ауда­рыс­пақ) дүниежүзілік федерация құ­рылғаны ресми хабарланды, оның штаб пәтері Алматыда орналасқан. Қатысушы мемлекет өкілдері дүниежүзілік феде­рацияның президенті етіп ҚР Аударыс­пақ федерациясының президенті, Аtasu Group компаниясының басшысы Марат Жұманды сайлады.

Съезге қатысқан Ұлттық спорт қауым­дастығының президенті Исламбек Салжанов бұл шараның маңызына тоқ­талды.

«Еліміздің ұлттық спорт тарихындағы айтулы оқиғаның куәсі болып отырмыз. Ұлттық ойынымыз – аударыспақты әлем­дік дәрежеге көтеретін сәт туды. Ресей, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Венгрия мемлекеттерімен біріге отырып аударыспақ спортын да­мытамыз, дүниежүзіне танытатын бола­мыз. Баршаңызға белгілі, келесі жылы елімізде V Дүниежүзілік көшпенділер ойын­дары өтеді. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жіті назарында. Біз – көшпенділер ұрпа­ғымыз, бұл шараны өте жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Бұл орайда Ұлттық спорт қауымдастығы өзіне қарасты федерациялармен бірлесе жүйелі жұ­мысты бастап кетті. Бүгінгі дүниежүзілік аударыспақ федерациясының құрылуы соның дәлелі деп білемін. Осы орайда аталмыш спорттың дамуы мен өркен­деуінде тынымсыз еңбек етіп жүрген Аударыспақ федерациясының пре­зиденті Марат Жұман мырзаға ерекше алғысымды білдіремін», – деді Исламбек Төлеубайұлы.

Ат үстіндегі күрестен дүниежүзілік федерацияның жаңа президенті Марат Жұман аударыспақ ойынын дәріптейтін елдерден келген қонақтарға алғыс білдіріп, ұйымның алдағы жоспарымен бөлісті.

«Бүгін баршамыз Алматының төрінде аса маңызды шараға жиналдық. Осы айтулы басқосуға дәстүрлі ат спортын дәріптейтін елдерден келген өкілдерге, сондай-ақ, ҚР Ұлттық спорт қауым­дас­тығына ризашылығымды білді­ремін. Бүгінгі жиын қазақ елі үшін, ұлттық спорт үшін тарихи күн бо­лады. Әлемнің алпауыт бірнеше мемле­кетімен бірлесіп ат үстіндегі күрестен дүниежүзілік федерация құру ар­қылы ұлттық спортымызды жаһанға паш етеміз деген үлкен жоспарымыз бар. Бізді алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Болашақта федерацияға мүше елдермен бірлесе аталмыш спорттың дамып, өркендеуіне күш салатын боламыз», – деді Марат Қожаханұлы.

Аударыспақ спорты қазақтың ұлттық аударыс­пақ ойынына негізделген. Мұндай спорттық ойын­дар қазіргі таңда тек Қазақ­стан емес, Орталық Азия, Кавказ өңірі, тіпті, Еуропа елдерінде де танымал. Елі­мізде де осы спорт түрімен айналысатын балуандар жылдан жылға кө­бейіп келеді. Жиын барысында ауда­рыспақтың бірыңғай ойын тәртібі бекі­тілді. Негізгі ережелер қазақтың ұлттық спорты ауда­рыспақтан алынды. Қазақ­стан делега­циясы ұсынған ертоқымды пайдалану, диаметрі 15 метр алаңның мөлшері бекітілді. Одан бөлек, спортшылардың салмақ дәрежелері қабылданды. Ересек­тер алты салмақ санаты бойынша жарыс­қа қатыса алады: 60, 70, 80, 90, 100, 100+ келі­лер. Жастар ара­сын­дағы салмақ дәрежесінің де алты санаты бекітілді: 50, 60, 70, 80, 90, 90+. Салмақ категориясын енгізу соңғы кезде қалыптасты, мақсаты – спортшыларға неғұрлым тең жағдай жасау. Ертеде кез келген тілек білдіруші салмағына қарамай өз еркімен жарысқа қатыса беретін болған. Аударыспақ – салт аттылардың бірін-бірі ер үстінен аударып алу сайысы. Бұл ойынға қайрат-күші мол, батыл да төзімді, шапшаң қимылдап, ат құлағында ойнай білетін жігіттер қатысады. Ұлттық спорт түрлері – халық құн­дылығының ажырамас бө­лігі. Қазақ­тың кез келген ойыны ерлікті, батыл, өжет, шапшаң, епті қимылдауға, тапқыр­лық пен табандылыққа, байсалды болуға үйретеді. Ата-бабамыздың зама­нынан келе жатқан бұл ойын жаугершілік кезін­де найза ұстап, қылыш шабатын жауын­герге қажетті қасиеттерді қалып­тас­тырған.

Жиында сондай-ақ аударыспақтан ал­дағы уақытта өтетін жарыстардың күн­тізбелік жоспары бекітілді. Халықаралық ойындарды әділ өткізу мақсатында міндетті түрде VAR (бейнебақылау) қойы­лу міндеттелді.  Қырғыз Респуб­ликасының өкілдері жаңа бекітілген бірыңғай ойын ережелері бойынша алғаш­қы әлем чемпионатын осы жылдың қыркүйек айында Ыстықкөлде өткізуді ұсынды. Бұл бастаманы қатысушы бар­лық мемлекет бірауыздан қолдады.

Асыл ТҰМАР