«Педагогтердің білімін бағалау бойынша тестілеуге кейбір мұғалімдер біліміне емес, айласына сеніп келген сияқты». «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры педагогтердің білімін бағалау сынағында болып жатқан ереже бұзушылықтардың видеосын жариялады, деп хабарлайды Руслан Емелбаевтың әлеуметтік желідегі парақшасында.
Достар, мына бейнежазбаларды мұқият көріп шықсаңыздар. Бұл бір экшн фильмнің бөліктері емес. Барлығы шынайы өмірде болып отыр... 10 шілдеде елімізде Педагогтердің білімін бағалау басталды. Бірақ тестілеуге кейбір мұғалімдер біліміне емес, айласына сеніп келген сияқты. Мысалы, бір өңірде бір күн ішінде 34 педагогтің бұзушылықтары бірден анықталып, олар 5 жылға дейін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды, - деп жазады ол.
Айтуынша, кейбір мұғалімдер қулық ойлап табу жағынан оқушыларды артта қалдырыпты.
ҰБТ-дан кейін бізді ешкім және ешнәрсе таңғалдырмайды деп ойлағанбыз. Бірақ, өкінішке орай, қулық жасау бойынша кейбір мұғалімдер оқушылардан да асып түсті. Бұл фактілер бойынша тиісті шаралар қабылданып, құзырлы органдарға беріледі, - дейді Руслан Емелбаев.
Сөз соңында мұндай әрекеттердің шәкіртке білім мен тәрбие беріп, саналы да сапалы ұлт қалыптастыру жолында тер төгуі тиіс мұғалім деген ұлы мамандыққа кір келтіретінін баса айтады.
Құрметті педагогтер, мұғалім болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өйткені, бүкіл ұлттың болашағы сіздердің қолдарыңызда. Ал бұндай әрекеттер «мұғалім» деген атауға кір келтіреді, - деп жазған ол.