Алматы облысында 10-ға жуық ауылдық округтің атауы өзгертілмек.
Ашық талқыға шығарылған әкім қаулысы мен өңірлік мәслихаттың бірлескен шешіміне сай, Алматы облысындағы мына ауылдардың атауы өзгереді:
Іле ауданы бойынша:
– Энергетический ауылдық округі – Өтеген батыр ауылдық округі;
– КазЦИК ауылдық округі – Асқар Тоқпанов ауылдық округі;
– Энергетический ауылдық округінің Покровка ауылы – Кенен Әзірбаев ауылы;
– Чапаев ауылдық округі мен Чапаев ауылы – Байкент ауылдық округі және Байкент ауылы;
– Междуреченск ауылдық округі мен Междуреченск ауылы – Ақсай ауылдық округі және Ақсай ауылы;
– КазЦИК ауылдық округінің Комсомол ауылы – Жайнақ ауылы болып өзгереді.
Талғар ауданы бойынша:
– Панфилов ауылдық округінің Қызыл Ту-4 ауылы – Жібек жолы ауылы болып аталады.
Кеген ауданы бойынша:
– Жалаңаш ауылдық округі Жалаңаш ауылын Жалағаш ауылына.
«Осы Алматы облысы әкімдігінің қаулысы мен Алматы облыстық мәслихатының бірлескен шешімінің орындалуын бақылау облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахымға жүктелсін», – делінген Ашық НҚА порталында жарияланған құжатта.
Шешім 28 шілдеге дейін көпшілік талқылауда болады.