Астанада интернет дүкен арқылы синтетикалық есірткі сатқан күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Елордалық полицейлер Астанада синтетикалық есірткіні өткізуге қатысы бар интернет дүкендерді жою бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Заманауи жастар арасында жаңадан шыққан синтетикалық есірткі мен психикалық белсенді заттарды қолдану сәнге айналып, өкінішке орай кеңінен насихатталуда. Бұны есірткі делдалдары пайдаланып, интернет ресуртары арқылы тыйым салынған заттарды жаппай өткізуде.
Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Қабанбай батыр көшесінде тікелей байланыссыз интернет дүкен арқылы есірткіні өткізген 19 жастағы астаналық жас жігітті анықтады. Есірткіні өткізуші халық көп жиналатын орындарға, орталық саябаққа жасырып қойып кету арқылы есірткіні белгілі бір жерлерге қалдырып отырған.
Жедел-тергеу іс-шараларын жүргізу барысында жас жігіт қылмыс жасағанын мойындаған және интернет дүкеннің жұмыс жүйесі туралы және ол жерден алатын заңсыз сыйақы туралы айтып берген.
Жеке тінту барысында одан ішінде синтетикалық есірткісі бар 40 түйіншек табылып, тәркіленді. Алынған мефедрон синтетикалық есірткінің жалпы салмағы 40 грамм немесе 150 рет қолданылатын доза.
Қылмыстық іс қозғалды. 19 жастағы елорда тұрғыны Астана қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Есірткіні өткізуге бірге қатысқандарды анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.