Жасыл қала ажарынан айырылды

Былтыр тендері түрлі әңгімеге өзек болған, журналистер мердігердің жауапсыздығын дәлелдеу үшін гүл санап кеткен саябақтар мен гүлзарлардың жағдайы мүлде нашар.

 Кезінде Талдықорған көшелерінің бойындағы арықтармен мөп-мөлдір су сылдырап ағып жататын. Кейінгі жылдары сол көрініс көзден бұлбұл ұшып, төселгелі ылғал көрмеген кейбір арық желілерінің жақтаулары сөгіліп, іші қоқысқа толып кететін болды. Тек орталық көшелерде, оның ішінде облыстық, қалалық әкімдік ғимараттары орналасқан тұстардағы арықтарда ғана азды-көпті су бар. Қалғандары қазір де қаңсып жатыр. Оны айтасыз, тұтас саябақтар қурай бастағаны қынжылтады...

Осыдан біраз жыл бұрын Баталов облыстың тізгінін ұстай салысымен қолға алып, бірер жылда жайнатып жіберген, бір кездегі иесіз саябақ «Жастар» деген атауға ие болып, қаланың қосалқы тынысын ашып, кіреберіске көрік бергенде қуанған қалалықтар бүгінде сұрқы қашқан саябақтағы қураған ағаштарды көріп, бас шайқайды. Осындағы сазды, түрлі түсті субұрқақтан әдемі әуен естілмегелі, жарқ-жұрқ етер сәулелер көзге шалынбағалы да көп болды. Жалпы, кейінгі жылдары қаладағы жасыл желектің қурай бастауы биыл ерекше қарқын алып, көшелер бойындағы тал-шыбықтар мен бұталарды айтпағанда, өсіп тұрғанына ондаған жыл болған алып ағаштардың өзі семіп, солып кетті.

Былтыр тендері түрлі әңгімеге өзек болған, журналистер мердігердің жауапсыздығын дәлелдеу үшін гүл санап кеткен саябақтар мен гүлзарлардың жағдайы мүлде нашар.

Қалай болғанда да, бір жылдары жергілікті тұрғындары «Талды Париж» деп мақтанатын жасыл қала бүгінде бар ажарынан айырылып барады. Соңғы күндері жиі талқыланып кеткен мәселеге ақыры прокурорлар араласып, бұл салада да біраз былық-шылықтың бетін ашыпты. Қаланы көгалдандыру, жасыл желекті бөлеуге жауапты мемлекеттік қызметкерлер арасында да осынау ел үшін істелер игілікті істен де жеке басының пайдасын көздегендерге қатысты бірқатар жемқорлық деректер белгілі болыпты. Талдықорғандағы журналистер үйінде БАҚ өкілдерінің басын қосқан Жетісу облысының прокуроры Мадияр Басшыбаев Талдықорған қаласы әкімдігі қызметкерлері тарапынан облыс орталығындағы саябақтар мен гүлзарлар, саяжолдардағы гүлдер мен бұталардың, ағаштардың қурап кетуіне тікелей қатысы болуы мүмкін шектен шыққан шетін жағдайларды баян етті.

 – Прокурорлар анықтағандай, жауапсыз мемлекеттік қызметшілер жасыл желекті күтімге алатындарды анықтау кезінде мемлекеттік сатып алуларды дұрыс ұйымдастырмаған. Дұрыс өткізілмеген конкурстар жеткізушілер арасындағы бәсекелестіктің барынша шектелуіне әкеліп соқтырған. Қаладағы алты саябақ пен гүлзарды ұстау бойынша жалпы сомасы 900 миллион теңгеден асатын конкурс бір лотпен ғана жарияланған. Ал еліміздегі қолданыстағы заңға сай әрбір нысанға конкурс жеке-жеке лотпен жариялануға тиісті болатын. Көпе-көрінеу заңбұзушылық пен бұра тартудың кесірінен конкурсқа қатысқысы келген жеткізушілердің қаржылық тұрақтылығына қойылатын талап еселеп өсіп шыға келген де, жағдайы орташа жеткізушілер конкурстан еріксіз тысқары қалған. Қазір біздің қадағалау актілерімізбен барлық конкурс заң талаптарына сәйкестендірілді. Заңбұзушылықтарға жол берген 67 лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Олардан мемлекет пайдасына 10 миллион теңгеден астам айыппұл өндірілді, – деді облыс прокуроры.

Прокурорлардың айтуынша, мемлекеттік органдардың жылы да жайлы кабинеттерінде отырған «жемқорлар» өңірдің экономикасына орны толмас зиян шектіруде. Әсіресе, бюджеттік қаражатты жұмсаудың заңдылығын белден басуға байланысты деректер тым жиілеп кеткен.

– Қадағалау нәтижесінде жалпы сомасы 3 млрд теңге болатын 35 конкурс бойынша рәсімдердің күшін жойдық. Мәселен, Қаратал, Алакөл және Панфилов аудандарында сметалық құжаттамаға сараптама жасалмағанына қарамастан, автокөлік жолдарының орташа жөндеуі бойынша 1,5 млрд теңгеге конкурстар жарияланған. Мұнда қарастырылған қаражаттың іс жүзіндегі жұмыс көлемімен сәйкестігін тек осы сараптама нақтылайтынын атап өткен жөн. Бүгінде облыс прокурорлары 16,5 млрд теңге сомасындағы қаражаттың қымқырылуына қатысты белгілері бар бес қылмыстық істі тергеуде. Бұлар бойынша 15 тұлғаға байланысты алдын алу шаралары қолданылған. Төртеуі тұтқындалса, 10-ы үйқамақта, біреуі кепілдікпен босатылған. Әзірге тергеу мүддесіне сәйкес, аталған істер бойынша егжей-тегжейлі айтуға болмайды. Биылғы жылдың өткен айларында арнайы прокурорлар 420 миллион теңгені қымқыру белгілері бар екі қылмыстық істі сотқа тапсырып, бес адам сотталды. Тергеу барысында мемлекеттік кіріске 230 млн теңге өндірілді, – дейді Мадияр Басшыбаев.

Сонымен бірге Жетісу облысының прокуроры журналистердің назарын прокурорлық қадағалаудың жаңа құралына да аудара кетті. Қазір прокуратура жедел-іздестіру шараларын жүргізуге бастамашылық ете алады. Бұл құралды прокурорлар талдамалық жұмыстар барысында мәлім болған заңбұзушылық белгілеріне байланысты қылмыстарды ашу үшін пайдаланады. Күні бүгінге дейін осы тәсілдің арқасында денсаулық сақтау саласындағы аса ірі қаржылық қымқыру және есірткілік заттарды саудалау деректерінің беті ашылыпты.


Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы