Түрлі түсті құрт

Қызылордалық кәсіп иесі Нұрсұлтан Қалмағамбет сүттен жасалатын өнімді ерекше әдіспен дайындауды көптен жоспарлап жүргенін айтады.

Қызылордалық кәсіпкер кәдімгі құрт өнімін түрлі қоспалар арқылы түрлендіріп, өзгеше күйде тұтынушыларға ұсынып жүр. Ұлттық тағамды ұлықтап, тың кәсіптің көзін тапқан іскер жанның бұл өнімдері халықтың қызығушылығын арттырып, үлкен сұранысқа ие болуда.

Кәсібін бастамас бұрын ұзақ ізденіп, ұлттық тағамды ерекше дәмдеуіштер арқылы тұтынушыларға ұсынудың тың тәсіл­дерін ойластырады. Осылайша, құрт та­ғамын шоколадпен араластыра оты­­рып, ерекше өнім дайындауға кіріседі. Бүгінде арнайы цех жұмысын жол­ға қойып, тың әдіспен жасаған өнім­дерін QURTELLA атауымен ел игілігіне ұсы­нып келеді.


«Біздің өнім – сырты шоколадпен қапталған сүттен жасалған табиғи құрт. Бұл кәсіпті өткен жылдан бері ойлас­тыр­дым. Әлемдік тәжірибеге зер сал­сам, көптеген елдер өздерінің ұлттық тағам­дарын заман талабына сай түрлен­діре әзірлеп жүр. Осыдан кейін өзіміздің ұлттық тағамдарымызды да өзгеше етіп дайындау жоспарын ойлай бастадым. Бұл ұзақ уақыт ізденісті қажет етті. Шоколад пен құрттан бір-біріне үйлесім табатын ерекше дәмді ас дайындауды мақсат тұттым. Нәтижесінде, 2022 жыл­дың қараша айынан алғашқы өнімімді шығара бастадым», – дейді ерекше кәсіптің иесі.


Негізінен, сүттен 35 түрлі тағам дайын­далады екен. Соның ішінде құрт­тың адам ағзасына пайдасы орасан. Ма­мандардың пайымдауынша, құрттың құрамы түрлі минералдар мен дәру­мен­дерге бай көрінеді. Сонымен қатар оны ұзақ уақыт сақтауға болады.  
Кәсіпкер өзгеше дәмдеуіштер арқы­лы дайындаған өнімі алғаш саты­лымға шыққаннан бастап халыққа ұнай бас­тағанын айтады. Арнайы қаптамада да­йын­­далған ерекше дәмге деген сұра­ныс толастаған да емес. Соның нәтиже­сінде өнім көлемі артып, көл-көсір табысқа кенеліп отырғанын жасырмады.


«Бүгінде құрт өнімін алты түрлі дәммен дайындаймыз. Атап айтқанда, ақ шоколад, банан, алма, құлпынай се­кілді ерекше дәм тати­тын құрт шы­ға­ра­­мыз. Бәрі де табиғи құрт дә­мімен ерек­ше үйле­сім тапқан. Осы орайда, бұл бизнес жоспарым небары 15 мың тең­гемен басталғанын айта кеткім келеді. Мем­лекеттен қолдау ал­ған емеспін. Бә­рін өз күшіммен жүргіздім десем болады. Кәсібімді жолға қою оңай болған. Қазір Қызылорда облысымен қатар, Маң­ғыстау, Алматы, Шымкент қалаларына да өнімімізді сатылымға жіберіп отыр­мыз. Алдағы уақытта мемлекеттен қол­дау алып, кәсібімізді бұдан әрі кеңейтсек деген ниетіміз бар», – деп алдағы жоспа­ры­мен бөлісті.


Қазір кәсіпкер дайын құртты шаруа­лардан сатып алып, оны ерекше әдіспен қай­та дайындап жүргенін алға тартты. Кәсіп­кер 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырғанын да айта кету керек.
Дерекке сәйкес, көршілес Өзбекстан мемлекеті біздің ел үшін жылына тон­налаған құрт жасап шығаратын көрінеді. Соған орай кәсіпкер алдағы уақытта құрт өндірісін де өзімізде жолға қоюды мақсат тұтып отыр­ғанын жеткізді.
Ерекше кәсіптің ебін тапқан Нұрсұл­тан өз жобасын заң шеңберінде патент­теп алғанын мәлімдеді. Осылайша, жоба авторы ретінде арнайы сертификатқа қол жеткізіпті.
Кәсібін өркендету жолында аянбай еңбек етіп жүрген ол келешекте отандық өніммен еліміздің барлық аумағын қам­тамасыз етуді көздеп отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы