Президент пәрмені: кеселдің жолы кесіледі

Электронды сигареттердің денсаулыққа аса зиянды, өмірге қауіпті екені соңғы жылдары барлық мінберден, соның ішінде Парламенттен мамандар үнемі айтып келеді.

Тіпті, оны шегушілердің өкпесінің сау-тамтығы қалмай, іріп кететіні паш етілген бейнероликтер де дүркін-дүркін таратылады. Бірақ Үкімет оған лайықты ден қоймай келді. Тіпті, депутаттардың вейптерге акциз салығын еселеп арттыру туралы ұсынысы да қолдау таппады. Жағдайды ел Президенті бірауыз сөзімен өзгертті. Енді Қазақстан е-сигареттердің сатылымына толық тыйым салмақ.

Аталы сөз жетелі қимылға жетеледі

Биылғы маусымда Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев вейп және түрлі электронды темекілерді ұлт саулығына қауіп төндіретін кесел деп атап өтті. Мемлекет басшысының пі­кірінше, қазақстандық жас ұрпаққа сал­мақты қауіп төнді, өйткені аса зиян­ды вейптерден нағыз есірткілерді тұ­тынуға дейін бір-ақ қадам қалады.
Сондықтан Қ.Тоқаев Үкіметке өр­шіп бара жатқан осы қауіпті құбылысқа қар­сы пәрменді, жүйелі шаралар қа­был­дауды тапсырды.
«Ұлт саулығына зиянын тигізетін тағы бір кесел – вейп және түрлі элек­трон­ды темекілер. Өкінішке қарай, оны тарту жасөспірімдер арасында сән­ге айналып барады. Себебі элек­трон­ды темекі бәріне қолжетімді, оның зиянсыздығы туралы түрлі агрес­сивті жарнамалар көбейіп кетті. Іс жү­зінде, жастарымыз өзіне зор қауіп төну­де. Себебі бұл – шын мәнінде, зиян­ды нәрсе. Вейп пен есірткінің ара­сы бір-ақ қадам. Осы қауіпті үрдіс­пен күресу үшін жүйелі және шұғыл ша­ралар қабылдау қажет», – деген Пре­зидент бұған өзі ерекше мән бере­тінін ескертті.
Мемлекет басшысының сөзінің жаны бар. American Journal of Respiratory and Critical Care Medicine басылымының дерегінше, ғалымдар вей­перлерге ғана тән, ерекше ауыр дертке EVALI деген атау берді. Бұл E-ciga­rette and Vaping use-Associated Lung Injury, яғни электронды сигарет­тер мен вейптерді тартудан туындаған өк­пенің зақымдалуы дегенді білдіреді.
Бұл аурудың өрбу механизмдерін ме­дицина ғылымы әзірге толыққанды зерттей алған жоқ. Бір белгілісі, е-си­га­рет немесе вейп шегетін адамдардың өк­пелері қабынып, іріп кететіні сон­ша­лықты, ол симптомдары жөнінен эк­зогенді липоидтік пневмонияға, хи­миялық пневмонитке ұқсап кетеді.
Америкалық сарапшылар Вирджи­ния Достастығы университетінің Те­мекі өнімдерін зерттеу орталығының ға­лымы Томас Айссенберг пен Фло­ри­да Халықаралық университетінің Эпи­демиология кафедрасының про­фес­соры Васим Мазиактың айтуынша, атал­ған ауруға электронды сигареттегі аэрозольдің майлы компоненттерінің, ацетат пен тетрагидроканнабинолдың өкпе тіндерінің жасушаларында қор­далануы себеп болады. Оның бел­гі­леріне жөтел, кеуденің қысуы, ауыр ты­ныс алу, жүрек айнуы, құсу, диарея жә­не түрлі респираторлық, конс­ти­ту­цио­налдық, гастроэнтерологиялық бұзу­шылықтар жатады.
Бұл темекі түрінің басқа да қауіптері бар.
Осыдан-ақ, әсіресе қазақстандық жас ұрпаққа қандай қауіп төнгенін түсінуге болады. Себебі Қазақстанда е-темекі, вейптер еркін сатылады. Мысалы, заң бойынша темекі атаулы бөлек сөреде, жабық перденің астында жасырулы саудалануға тиіс. Яғни, шылымқор арнайы сұраса ғана сатушы соны ашып, алып беруі шарт.
Бұл талапты олар сақтамайды. Елдің барлық қаласында қаптаған вейпшоп, жеке дүкендер ашылған. Барлық дерлік ірі сауда ойын-сауық орталығында соларға арналған сауда орындары жұмыс істейді және көбісі дәл кіреберісте орналасады, халықты қарсы алады.

2 жылда 300 есе өскен нарық

Президент сынынан соң Мәжі­ліс депутаттары осы мәселені кө­теріп, де­путаттық сауал жолдаған болатын.
Премьер-Министр Әлихан Смайы­лов­тың жазбаша жауабы енді ғана кел­ді. Ол қазіргі уақытта Үкіметтің вейп өнімдердің айналымына тыйым салу үшін нормативтік құқықтық актілерге түзетулер енгізілетінін хабарлады.
– Қазір вейп өнімінің айналымына толық тыйым салуды көздейтін норма Реттеушілік әсерді талдау рәсімінен өтуде. Үкімет осы норманы қолдады. Қо­ғамдық талқылау қорытындысында тиісті кодекске түзетулер ұсынылатын болады. Сондай-ақ «Кейбір заңна­ма­лық актілерге денсаулық сақтау мә­се­ле­лері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы Мә­жіліс қарауында жатыр. Оның ая­сында «вейп» және «электрондық си­гарета» ұғымдарын ажыратуға, 21 жас­қа толмаған адамдарға темекі мен те­мекі бұйымдарын, оның ішінде тұ­тынудың электрондық жүйелерін, вейп­терді және оларға арналған сұйық­­­тықтарды сатқаны үшін әкім­ші­лік жауапкершілікті күшейтуге қатыс­ты түзетулер талқылануда, – деп жауап берді Ә.Смайылов.
Премьер-Министр депутаттар кө­теріп отырған мәселелердің маңызын ес­кере отырып, Үкімет осы жұмысты де­путаттық корпустың қатысуымен жүргізуге дайын екенін жеткізді.
Тарата айта кетсек, Денсаулық сақ­тау министрлігі шынында «Халық ден­саулығы және денсаулық сақтау жүйе­сі туралы» Кодексіне, яғни Денсаулық ко­дексіне түзетулер енгізетін жаңа заң жо­басын әзірледі. Бұл құжат былтыр дайын­далған және бұрынғы нұсқасы сол­қылдақтау болды: тек бірқатар шек­теулер енгізу жоспарланған.
Енді Президенттің өткір сыны­нан соң Үкімет «никотинді, хош иістендіргіштерді және оларға ар­налған сұйықтықтарды тұтынудың электрондық жүйелерінің айналымына толық тыйым салуға» ниетті. Заң жоба­сы да соған сай өзгертілді.
Оның аясында Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодекстің 110-бабының 9-тармағымен: «Шегілмейтін темекі бұйымдарын, тұ­тынудың электронды жүйелерін, хош иістендіргіштер мен оларға ар­нал­ған сұйықтықтарды әкелуге, өн­діруге, сатуға және таратуға тыйым салынады».
Айта кетер жайт, биылғы шілде айы­ның басында «AMANAT» партия­сы жанындағы Білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі респуб­ли­калық кеңестің отырысында осы мә­селе қаралған болатын. Сонда депу­тат­тар, Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту ми­нистрліктерінің, прокуратураның, «Ата­мекен» ҰКП және басқа мекеме­лердің өкілдері осы кеселді өнімге толық тыйым салуды қолдады.
Өйткені тоқтау салмаса, кесапат алапат қарқынмен белең алып барады. Мұны Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан растады.
«Өкінішке қарай, бүгінде жастар түр­лі жаман әдетке бой алдыруға бейім. Нашақорлық, ойынқұмарлық, бул­линг және кибербуллингпен қатар вейпинг те үлкен проблемаға айналды. Қазақстан тұтынушылар лигасының ақ­параты бойынша, Астана мен Ал­ма­тыда соңғы 6 айда вейп сатылымы бір­ден 372%-ға өсті! Елімізде вейп сата­тын 6 мыңнан астам сауда нүктесі бар. Оларға толықтай тыйым салуды Мә­жіліс депутаттары мен еліміздің Ден­саулық сақтау министрлігінің өкіл­дері қолдады. Бұл жерде біз бала­лары­мыз­дың болашағын басты орынға қойып отырмыз», – деді Е.Оспан.
Қаржы министрлігінің Мем­ле­кет­тік кірістер комитетінің дерегінше, ни­котинді, хош иістендіргіштерді жә­не оларға арналған сұйықтықтарды тұтынудың электрондық жүйелерінің (ТЭЖ), вейптің нарығы Қазақстанда 2020 жылдан бергі 2 жылда ғана 300 есеге (!) жуық өсті. Мұндай өсім елдегі бірде бір нарықта жоқ. Мысалы, 2020 жылы елге 21 мың 608 дана электронды темекі импортталыпты. Ал 2022 жылы бұл импорт 6 миллион 301 мың 623 да­наға дейін артқан. Осылайша, элек­тронды темекі тасымалы 292 есе өсті.

 

Тыйым салуға барлық негіз бар

Денсаулық кодексінің 110-ба­бы­ның 17-тармағына сәйкес, Қа­зақ­станда ТЭЖ, вейптер мен оларға ар­налған сұйықтықтарға тыйым са­лын­ған. Бірақ ол тыйым тек кәмелетке толмаған адамдарға сатуға ғана ен­гі­зілді әрі практикада ол сақталмайды. Вейпшоптар немесе сауда орындары клиенттерінен жеке куәлігін сұрата бермейді.
Мұның сыртында вейп сатушылар тіпті заңды ашықтан ашық бұзып жат­са да, билік органдары оған көз жұма қарап келді. Статистикалық деректерге жүгінсек, 2018–2021 жылдардан бастап төрт жыл ішінде республика бойынша бар-жоғы 3 құқықбұзушылық қана тір­келіпті. Оның біреуі тоқтатылған.
Сондықтан Денсаулық сақтау ми­нистрлігі жаңа заң жобасында олардың Қа­зақстан аумағында сатылуына мүл­дем тыйым салуды ұсынып отыр. Заң қа­былданса, электронды сигареттер, ТЭЖ, вейптер есірткімен теңестіріліп, ер­кін саудасына жол берілмеуі тиіс.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы «Қазақстанның балалары мен жа­сөспірімдерінің денсаулығы мен әл-ауқатын қалыптастыратын фактор­лар» атты зерттеу жүргізді. Қорытынды­сын­да, республикада 11-15 жастағы ба­ла­лар арасында ұлдардың 14%-ы жә­не қыздардың 6%-ы вейп қолданып көр­гені әшкереленді. Бұл ретте 11-15 жас­тағы барлық ұлдардың 8,5%-ы жә­не қыздардың 3,8%-ы оны үнемі тұты­на­ды. Электронды сигарет бойынша 2014 жылмен салыстырғанда көрсет­кіш­тер ұлдар арасында үш есе, қыздар ара­сында екі есе өсті.
«Қазақстандық балалар вейптердің дәмін татумен шектелмейді. Үлкен бө­­лігі бұл өнімдерді күн сайын пайда­ла­нады, яғни бұл тұрақты тәуелділіктің дамығанының сенімді белгісі. Вейп ин­дустриясының маркетингі агрес­сивті жүргізіледі. Олар жастарды вейп пакеттеріндегі түрлі түсті суреттермен, заманауи дизайнмен өзіне тартады. Көп­теген ТЭЖ, вейптердің сыртқы си­паты ерін далабын, маркерлерді, флэ­шканы және басқасын имита­ция­лай­ды. Балалар оны ұстаудың өзін қы­зық көреді. Бұған қоса, компаниялар ба­лалар аудиториясын еліктіру үшін әр­түрлі хош иістендіргіштердің 16 мың­нан астам түрін ұсынады. Жасөс­пірім­дерге тән абайсыздық, жаңаны тануға іңкәрлік олар арасында ТЭЖ, вейп шегудің кең таралуын жеңіл­де­те­ді», – деп мәлім етті Денсаулық сақтау министрлігі.
Егер бала мектептен не даладан дәс­­түрлі темекіні тартып оралса, са­на­лы ата-аналар бірден сезіп, дүрсе қоя берер еді. Ал баланың вейпті тұ­тын­ға­нын білу қиын: түтінінің иісі білін­бей­ді, сағыз шайнаған сияқты одан хош иістендіргіш қана сезіледі. Өнімнің «қыл­мысты жасырғыш» осы артықшы­лы­ғы да жасөспірімдерді қатты ынтық­тыра­ды. Яғни, ата-аналардан жасы­рып, никотин жұтады.
Мамандар тағы бір қауіпке назар ау­дартады: мектептердегі балалар бір вейп­ті бірлесіп қолданады. Содан бірі­нің әлдебір індет, дерттерін біріне жұқ­­­­тырады.
Тағы бір фактор: ТЭЖ, вейп және хош иісті сұйықтықтарды өндірушілер мен өнім берушілер өнімнің құрамында не барын жасырады. Онда тіпті нико­тин­нің барын немесе қандай мөлшерде екенін көрсетпейді. Кейбір жағдайлар­да никотиннің деңгейі «нөл» деп жа­зып, жалған ақпарат береді. Осы жайт­тар­дың бәрі Қазақстанда вейптерді, электронды сигареттерді балаларға да, ере­сектерге де сатуға толық тыйым салудың орынды екенін білдіреді.

Елдос Сенбай