Баласының бағасына алаңдаған ата-аналарға министр дүрлікпеуді өтінді
Баласының бағасына алаңдаған ата-аналарға министр дүрлікпеуді өтінді
186
оқылды
Критериалды бағалау төңірегінде  әңгіме көп. Жұмысымызды жеңіл­детті дейтін ұстаздар да бар. Бағалаудың дәлдігіне күмәнмен қарайтын ата-ана да жетерлік. Оған қоса оқушылар БЖБ мен ТЖБ тапсыратынға жақындағанда ғана мектеп есігін қағады-мыс. Даурыққан ата-анаға министр Аймағамбетов дүрлікпеуді сұрады. Ата-аналардың бөлім үшін жиынтықты бағалауға (БЖБ) және тоқсан үшін жиынтықты бағалауға (ТЖБ) қарсы change.org порталында петицияға қол қойды. Қол саны 25 мыңға жеткен. Осыған орай министр критериалды бағалаудың ар­тықшылығын көрсетіпті. Сондай-ақ сайт Білім және ғылым ми­нистрі Асхат Аймағамбетов отандық білім беру жүйесіндегі екі үлкен проблемаға кезіккенін жазды. Екеуі де еліміздегі бас мұғалімнің бас ауыртқанына тұрарлық – өзекті мәселе. Біріншісі – заманға сай жұмыс істеп, табысты болу үшін оқушы қандай оқу оқығаны дұрыс. Екіншісі – жас ұрпақты Отанды сүюге, ұлтжанды болуға тәрбиелей отыра, жаһандық процестен қол үзіп қалмауын қадағалау. Әрине, ой саларлық дүние. Өйткені Қазақстан PISA және TІMSS зерттеуінде лайықты нәтижеге жетпеді. Яғни, алдағы уақытта орта білімдегі олқылықтың орнын тауып, оқушыны ынталандыра түсу мақсат. Бірақ санасын смартфон жаулаған жеткін­шектің ынтасын ояту мұғалімге ғана емес, қоғамға сын болуы шарт. Естеріңізде болса, 2014 жылы Экономи­калық ынтымақтастық және даму ұйымы еліміздің орта білім саясатына зерттеу жүргізді. Орта мектеп бағдарламасы аясы кең екенін, өмірге қажетті тәжірибемен астаспайтынын айтты. Білімнің теория айналасында топтас­қанын сөз етті. Логика дағдысын шыңдайтын құрылымның дамығаны жөн екенін нұсқады. Айналып келгенде салмақ мұғалімге түс­кендей. Артынша жаңа білім бағдарламасына көштік. Критериалды бағалауды күн тәртібіне қойдық. Оқушы алған білімді практикада қолдануға үйретеміз дедік. Сөйттік те, бестік бағалау жүйесі ескіріп қалды. Жаңа бағалау жүйесі оқушыны былай қойғанда, ұстазды да әуреге салды. Осылайша, жаңартылған білім мазмұнына сеніммен қарайтындар азайды. Дегенмен уақыт өте келе жаңа бастамаға елдің еті үйренді. Мұғалімдер курсқа қатысып, тәжірибеден өтіп БЖБ мен ТЖБ қыр-сырын меңгерді. Оқушы да бағалау жүйесінің өзіне «жа­ғымды» тұсын сіңірді. Аймағамбетовтің ай­туынша, бұл бағалау жүйесі мұғалімнің кө­ңіл күйінен азат. Бұрынғыдай мардымды жа­уап берсе де, балаға «3» деп айта салмайды. Әрі әр бөлімді «кеміре» біледі. Өйткені бө­лімдегіні нақты білмесе БЖБ тапсыра алмай­ды. Ал БЖБ-дан өтпесе, ТЖБ дейтін асу ба­ғынбайды. Сондықтан оқушы бар білгенін ор­таға салады-мыс. Сонымен бірге аталған жүйе ата-ана-бала-ұстаз үштігіне ұғыныңқы һәм тиімді. Осындай аргументті тізген ми­нистр БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастауға құлықсыз. Расымен де, бағалау жүйесінің білгенге берері бар. Бірақ кемшін тұсы да жоқ емес. Артықшылығы – ұстаз уақытының үнемделіп, оқушы бар білімімен бөлісе алатынында. Кемшілігі – тоқсанға қорыту мәселесі. Өйткені газеттің алдыңғы сандарында осы тақырып бойынша үштіктің ойын жазған едік. Сондықтан көпшілігі БЖБ мен ТЖБ нә­ти­жесінің 50%-ы тоқсандық нәтижеге ықпал етсе дейді. Жиынтық бағалаудың қыр-сырын түсінген ұстаздар қолы ұзарғанын айтады. Бұрын бір сабақта 25 баладан тапсырма сұрай алмаса, қазір бәрін лезде тексеріп үлгереді. Бірақ олар да күнделікті дайындалып келетін оқушының БЖБ мен ТЖБ-ға келгенде мүдіріп қалатынын атап өткен. Кейбір бала санасында «тек осы екеуіне дайындалып келсем, тоқсанды үздік бағаға аяқтаймын» деген түсінік бар. Бар дейміз-ау, онсыз да солай емес пе? Бұл жайында Білім және ғылым министрі де ойын білдірген. Себебі сабаққа келмейтін оқушылардың қарасы көбейген. Біразы БЖБ мен ТЖБ күні «бас көтеретін» көрінеді. Оқу­шының себепсіз сабақтан қалуы – ата-ана жауапкершілігінде. Осыған орай сабаққа бармай репетитор жалдап, БЖБ-ға дайын­далатын оқушылар бар екен. Яғни, олар мек­теп қабырғасында емес, басқа орынға барып сынаққа «қару» іздейді. Ал бұл мысалдан екі түйін шығаруға бо­ла­ды. Алғашқысы – мұғалім оқушысын жиын­тық бағалау талаптарына сай дайындай ал­майды. Сол себепті БЖБ мен ТЖБ сынағын өзі құратын, түсіндіре алатын ұстаз ләзім. Екіншісі – ата-ана мен оқушы жағдайына мән берген жөн. Өйткені математикадан респуб­ликалық олимпиадада топ жарған баланың тоқсанға 3 шыққаны ойланарлық жайт. Оның басты себебі, ТЖБ-ны дұрыс тапсыра алма­ғаны. Бұдан соң ынта мен білімге құштарлық бола ма? Осыны ойлаған жөн-ау...   Айбике ЖАНАСЫЛ