Шешілмеген мәселе шаш етектен

Бүгінде Тараз тұрғындарының саны артып, көне шаһар көлемі кеңейіп келеді. Тіпті, облыс орталығынан екі аудан құру бастамасы да көтеріліп, қазір тиісті құжаттары рәсімделуде. Әрине, бұл жанға жылу беретін жаңалық.

Алайда бұған дейін қала аумағына қосылған алқаптардың қазіргі жағдайын көріп, терең ойға қаласың. «Барды ұқсата алмай жатқанда, тағы екі аудан ашу қажет пе?»  деген де мәселе қылаң береді. Бұлай деуімізге Шөлдала алқабы тұрғындарының жанайқайы себеп болуда. 

Шөлдалалықтардың айтуынша, алқап қала аумағына кірді деген аты болмаса, заты мүлде сай келмейді екен. 

– Алқаптағы көше жолдарындағы шұң­қыр­лардан аяқ алып жүре алмайсың. Жол­дар жөнделеді дегенімен, әлі күнге шешімін таппауда. Нәтижесінде алқапқа қоғамдық көлік те, жеке таксистер де қатынауға қина­лады. Ауылға ауызсу құбыры тартыла бастағанымен, мердігерлердің жұмысы кө­ңіл көншітпейді. Тағы бір мәселе, Шөлдалада жарық жиі өшеді. Жел тұрып, жаңбыр жаумаса да, ай күннің аманында жарықсыз отырамыз. Тіпті, тәулік бойы жарық болмайтын кездер көп. Жарық болмағаннан кейін тоңазытқыштағы азық-түлік бұзылып, шығынға батып жатырмыз. Алқап қала аумағына кіріп тұрса да, біз байланыс аясынан тыс жерде жатырмыз. Олай дей­ті­нім, интернет ұстамай, бір-бірімізге қоңырау шала алмаймыз, – дейді алқап тұрғыны Хадиша Құлпыбаева.

Жалпы шөлдалалықтардың базынасы осы. Бұдан бөлек, тұрғындар көшелер мүлде жарықтанбағанын айтады. Соның салдары­нан қыс айларында оқушылардың мектептен үйге қайтуы мұң болса, қараңғы болғаннан кейін адамды көлік қағып кету деректері де жиі болып тұрады екен. Ал жолдың ой-шұңқыры жаңбыр жауса лайға айналып, балалар оқу орнына аяқтарына целлофан орап  баруға мәжбүр болуда.

Шөлдалалықтардың жағдайына жуырда өңірге іссапармен келген Парламент Мәжі­лісінің депутаты Мұқаш Ескендіров көңіл аударып, тұрғындармен арнайы кез­десті. Халықтың мұңын тыңдаған мәжі­лісмен телефон байланысының тартпайтын­дығына таңданыспен қарап, өзі де сол жерде тұрып  танысына қоңырау шалып көрді. Алайда  байланыса алмаған Мұқаш Зұл­қарнайұлы бас шайқап, шөлдалалықтардың мәселесін биік мінберде көтеруге уәде етті. 

Негізі шөлдалалықтардың шырылдап жүргені бірінші жыл емес. Жергілікті билік өкілдері де алқап тұрғындарының жағдайы­нан хабардар. Сондықтан қала әкімі Бақыт­жан Орынбеков талай жылдан бері шешімін таппай келе жатқан шөлдалалықтардың мә­селесі жуық арада шешілетіндігіне сен­діруде. 

– Жол жөндеу мәселесі созылып кет­кенін жасырмаймыз. Қала көшелерін жөн­деуден үнемделген 30 миллион теңгені Шөл­дала мен Құмшағал алқаптарының жолын жөндеуге бағыттап отырмыз. Жол құрылысын жүргізуге мемлекеттік конкурс жарияланып, тендірді астаналық компания жеңіп алған болатын. Алайда олар құры­лыстан бас тартып, конкурсты қайта өткізіп, жергілікті серіктестік ұтып алды. Жақын күндері мердігер жұмысын бастайды. Жол құрылысы, міне, осы мемлекеттік кон­курстың созылып кетуіне байланысты ке­шік­ті. Келесі жылы Шөлдаланың ішкі көшелеріне шағал тас төселеді. Қазір алқап­қа ауызсу тартылып, барлық көшелер қазы­лып жат­қан­дықтан әзірге асфальт жабынды жүргізе ал­маймыз. Су құбырлары тартылып бол­ғаннан кейін, жолға тас жабынды төселеді. Бұл – жолды жөндеп, оны қайта қа­зып екі рет әуре болмас үшін қабылданып отырған ше­шім. Ауыз суға келер болсақ, «Ме­ли­ор­атор» компаниясымен жіті түсін­діру жұмыстары жүргізілді.  Дәл қазір межелі мерзімнен кешігіп  келе жатқан жоқпыз. Бұйырса, жыл соңына дейін шөлдалалықтар орталықтандырылған тіршілік нәріне қол жеткізетін болады, – дейді шаһар басшысы. 

Бақытжан Әмірбекұлы Шөлдала алқа­бының  жарық мәселесі де жақын арада ше­шімін табатындығын айтады. Қала әкімінің сөзіне сүйенсек, қазір алқаптағы тұр­ғын үйлерге жаңа электр желілері тарты­лып жатыр екен. Бұл жұмыстар екі айдай уақытты қамтымақ. Содан кейін Шөлдалада  «жарық сөніп қалды» деген мәселе мүлде туындамайтын көрінеді. 

Байланыс желісіне келсек, қала әкімдігі қазір Beeline компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатыр екен. Ал жалпы биыл Тараз қаласы бойынша алты байланыс мұнарасын қою жоспарлануда. Соның бірі Шөлдала алқабына орнатылып, тұрғындар ұялы телефонмен еркін тілдеседі деп күтілуде. 

Міне, осылайша, қала әкімі Бақытжан Орынбеков бұқараның базынасы ескерусіз қалмайтындығын айтып қуантуда. Әрине, бұл жанға жылу береді. Алайда Шөлдаладағы жол құрылысының тендерін ұтып алған астаналық компанияны жергілікті билік өкілдері бір ай бойы таппай, әбігерге түскен болатын. Қала әкімі жоғарыда астаналық компания құрылыстан өз еркімен бас тартты деп отыр. Алайда мұнда да бір шикіліктің бар екені анық. Әйтеуір, инфрақұрылым мен байланыс желісін жүргізуді жауапкер­шілігіне алған ендігі мердігерлер сөзінен тайқып кетпей, жоспарлы жұмысты аяғына дейін апарады  деп сенейік. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы