Амал – елге ортақ мереке
Амал – елге ортақ мереке
490
оқылды
Жыл сайын еліміздің батыс облыстары Наурыз мей­рамын тойлауды ертерек бастайды. Айтып отырға­нымыз – 14 наурызда өтетін Амал мерекесі. Бірі білсе, бірі біле бермейтін атаулы мерекенің түп қазығы қай кезеңде қағылған? Нендей мәні бар? Бұл тақырыпқа үңілуді жөн көрген себебіміз – Амал мерекесі бұдан былай жалпыхалықтық мерекеге айналуы мүмкін.  

Дүниенің жаңаруы

Батыс өңірдегі ағайын Амал мерекесін асыға күтеді деп айт­сақ артық емес. Амал мерекесі, яғни көрісу күні ілкіде көш­пен­ділер тұр­мысында болғаны анық. Қыс­тағы қалың қардан ағайын-туыстың арасы алыстап, көктем шыға көріскен жұрт­шы­лық «бір жасыңызбен» деп төс қағысты­рып, құттықтайтын бол­­ған-ды. Яғни, Амал мерекесі дүниенің жаңаратын уағы, ұғы­нықты тіл­мен айтсақ – қазақтың жаңа жылы. Әдеттегі Наурыз мейра­мы­нан бөлек, бұл мерекенің ма­ңызы қандай? Бұл тұста жорамал да жетерлік. «Еліміздің баты­сын­да ауа райы жылы болған­дықтан көктем ерте келеді» деп Амал мерекесінің күнтізбедегі орнын түсіндіруге тырысатындар бар. Алайда Амал мерекесін тойла­татын Батыс Қазақстан облы­сының қысы қатты екенін, сәуір өтпей қар кетпейтінін ескерсек, бұл мерекенің ерте өту себебін ауа райының әсерінен деп топшы­ласақ, жаңылысқан болар едік. Маңғыстау жұртшылығының басым бөлігі Амал мерекесін От­пантауда қарсы алады. Ме­ре­ке қарсаңында «Амалдың ала­уын» аталас ұлыстар бір-біріне табыс­тап, ауызбіршіліктің жо­рал­ғы­сына балайды. – Амал мерекесін көбі көрісу деп атап жатады. Өз басым кө­рісу деп айта алмас едім. Амал – қазақтың жаңа жылы. Бала ке­зімізде ақсақалдар бір-бірін «жа­сыңызбен» деп құттықтап жата­тын. Осы көрген тәрбиенің ны­шаны Амал жылдың басы екенін айғақтап тұрғандай. Бастысы – ағайынды бірлікте ұстайтын мереке екенін ұмыт­пағанымыз жөн. Себебі төс қа­ғыстырып, құттықтап барған адам­ның өкпе-реніші кеші­ретін болған, – дейді «Отпан» тарихи-мәдени кешені экскур­сия бөлімінің же­текшісі Жомарт Айдарбек. Маңғыстау мен Атырау об­лысында Амал мерекесін тегіс атап өтеді. Ал Батыс Қазақстан, Ақтөбе облысының басым бөлігі тойлайтын бұл мерекені көр­шілес Ресейдің Астрахан, Са­ратов, Орынбор өлкесіндегі қа­зақтар және Қарақалпақстанның қазақ­тар көп қоныстанған өңір­лері де тойлайды екен. Амал мерекесі бір күн ғана өтетін той болмаған, 14 наурызда басталған мереке айдың соңына дейін жалғасқан.  

Көне заман не дейді?

Ежелде қариялар 22 нау­рызды «қызылбастың наурызы» деп атаған екен. «Наурыз» сөзі – пар­сы тілінде «жаңа күн» деген мағы­на­ны білдіреді. Қазақ хал­қы нау­рыз айын «Амал» деген. Кеңес Одағы кезінде Амал мере­кесі елі­міздің көптеген айма­ғында ұмы­тылған. Әйтпесе, күл­лі қазақ күні кешеге дейін Амал мерекесін той­лап келген екен. Оған дәлел ретінде Абай­дың «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлім­десіп, көрісіп, құшақтасып...» деген өлең жол­дарын келтірсек болады. Ол аз десеңіз Шәкәрім қажының ба­ласы Ахаттың естел­і­гінде «14 март – ескіше 1 март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март, қа­зақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл фар­сы тілі, «жаңа күн» деген сөз» дейді. Шы­ғыс елдерінің (шәмси) күн­тіз­бесі бойынша, наурыздың баста­луы хамал (амал) айының 1 жұл­дызы саналады. Хамал – Тоқты шоқ­жұлдызының көне парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген кезде Тоқты шоқжұлдызы туады. Ертеде қазақ бұл күнді «наурыз» демей «амал» деген. Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 нау­рызға сәйкес болып тұр. «Кө­рі­судің» екінші атауы «Амал» бо­луының сыры осында сыңайлы. Ал «Көрісу» деп аталып кеткен себебі осы Амал мерекесінде жасалатын басты салт – көптен көрмеген жақын адамдардың кездесіп, көрісуі, өкпе-ренішке байла­нысты бет көріспей жүрген кі­сілердің кешірісіп, татуласынан туғанға ұқсайды. Ал Маңғыстау өңірінде Амал мерекесіне қатысты аңыздар бас­қаша өрбиді. Адайлар Маң­ғыстау түбегіндегі қыстауына қонғанда көктем ерте келіп, дәл осы 14 наурыз күні жайлауға қай­тып келген екен. Жақсы­лық­тың құр­метіне балаған жұрт­шы­лық содан бері Амал мерекесін тойлап бас­тапты. Осы секілді кө­не әңгімелер легін тізе берсек дастан құрауға тұрарлық. Де­генмен Амал мере­кесін ел болып тойлау жайына этнограф ма­мандардың пікірін сұрауды жөн көрдік. – Жалпы, Наурыз мейрамы дегенде «Әз Наурыз» сөзінің төр­кініне үңілгеніміз жөн. «Әз» сөзі қазақта адамға қарата ай­тылғанда сыйлы, мәртебелі де­ген мағына береді. Сондай-ақ «Әз амалы» де­ген сөз де бар. Күн мен түн теңел­генде Әз күні бол­ды дейміз. Батыс өңірлерде 14 наурыз – Әз амалы болып есеп­теледі. Ежелгі Нұқ пайғамбар заманындағы риуаят­тарда 14 наурыз бен 24 наурыз аралығы көктің есігі ашы­лып, көктем келетіні жазылған. Осы күндер аралығында қазақ халқы әр үйді Қыдыр ата (бақ) аралап жүреді деп иланған. Нау­рыз көжемізді ол заманда «Тілеу көже» деп атаған. Ауыл адамдары әр үйге қонаққа барып, төс қағыстырып, бір-біріне тілек айтқан. Сон­дық­тан 14 наурызда Амал мере­кесін тойлатудың ар­тығы жоқ. Көктем мезгілі қонақ­тай бастай­тын сәт дәл осы күн болып тұр, – деді этнограф Болат Бопайұлы. Бұл күні ертедегі көшпен­ді­лер ескі киім-кешек пен көнер­ген заттарын өртейтін болған екен. Үй ішін әсемдеп, алдағы мен арттағы, оң жағы мен сол бет­кей­де отырған қырық үйге бас сұққан. Дастар­қанға төрт түрлі дәнді дақыл қойылып, ел ырысы тасығанын тілеген. Құд­ды қазір біз тойлатып жүрген жаңа жыл мейрамы іспетті. Жаңа жыл демекші, этнограф Жамбыл Ар­тықбаев түбі қазақ­тың жаңа жылы наурыз айында тойлану керегін айтып отыр. – Наурыз мерекесі неолит дәуірінде, яғни тас дәуірінде, біздің заманымызға дейінгі 7-6 мыңжылдықтардан бері бар. Бұл мереке жайлы қажет десеңіз көне адамзат аңыздарында, Інжілдегі Нұқ пайғамбардың оқиғасында да айтылады. Діни мейрам дегені желеу ғана, Кеңес Одағы зама­нында ұлттық бол­мысқа қарсы күрес қатты жүрді. Сол себепті дінді сылтау етіп ұлт­тық болмыс­тан айырды. Наурыз – салт-дәстүрді түгендеу емес, тірілту. Бұрын да айтып келдік. Амал мерекесін өз басым құптаймын. Бұл тұста батыс өңірін бөлудің қажеті жоқ. Амал – қазаққа ортақ той. 14 наурыз бен 22 наурыз арасы – көктем қонақтайтын шақ. Яғни, жер дүниенің жаңарар сәті. «Наурыз­дың келгенін судағы балық та сезеді» деген сөз бар. Самар­қанның көк тасы жаңа жылда жібиді деген – осы, – деп тарқат­ты тарихшы-этнограф.   Түйін: Бірлікке ұйытар ме­рекенің көптігінен кереге құ­лап қал­майды. Аңғарғаны­мыз­дай, Амал мерекесі мен Наурыз мей­рамы – екі бөлек қуаныш, ұйытар игі ісі бір. Алғашқысы, байырғы бабалар иланып, көне аңыз айғақ­таған жа­ңа жыл бол­са, екіншісі күн мен түн­ те­ңес­кен, жер жібіген киелі шақ. Амал – бүтін елдің ортақ мерекесі.    width=Мадияр ТӨЛЕУ