Мерзімі өткен 5 000 лифтке кім жауапты?
Мерзімі өткен 5 000 лифтке кім жауапты?
255
оқылды
2018 жылдың сәуірінде Ақтөбе қаласында қызмет көрсетуші компания қызметкерлерінің немқұрайды­лығы салдарынан жас келіншек мерт болды. Лифт ішінде қаза болған Айзат Әбдісамат жергілікті «Ақтөбе» ар­насында балалар бағдарламасы мен таңғы бағдар­ламаны жүргізген.  Үш жастағы қызымен бірге лифтіге мінбек болған 28 жастағы келіншектің аяғы белгісіз себептермен есікке қысылып қалған. Лифт жүріп кетіп, аяғын жұлып алған. Айзат Әбдісамат көмек жеткенше сол орында көз жұмған еді.  2012 жылы Қазақстан лифт са­ласында лицензиялау алынып тасталып, лифт шаруашылығында өз ісіне салғырт қарайтын қызмет көрсету компаниялары мен лифт құралдарын жеткізушілер пайда болды. Осының салдарынан лиф­тілердегі төтенше жағдайлар саны артты. Бұл салаға өзгеріс керек екені біраздан бері айтылып жүр. Бір­қатар шаралар да қолға алынған. Индустрия және инфрақұ­ры­лым­дық даму министрлігі бастамасы бойынша Қауымдастықпен бір­лесе отырып, «Лифтілер, эска­ла­торлар, траволаторлар және мүм­кіндігі шектеулі жандарға ар­налған көтергіштер. Жеткізу. Ор­нату және пайдалануға қатыс­ты талаптар» атты Ұлттық стан­дарт дайындалды. Биыл күшіне енген «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға және «Азаматтарды қорғау туралы» заңға енгізілген түзету­лерге сәйкес, бұл стан­дарттарды лифт нарығына қа­тысушылардың барлығы орын­дауға міндетті. Жиын барысында мәлім бол­ғанындай, өкінішке қарай, нор­мативтік мерзімнен өтіп кеткен лифтілер саны қомақты болып тұр. Еліміздегі 5 000-ға тарта лифтінің пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен болса, оның 4 000-нан астамы жылдам түрде жаңартуды қажет етеді. Демек, осыншама лифтіні адам­дар күнделікті қолданып отыр. Бұл олардың өмірі мен денсау­лығына қауіп төндіріп тұрғанын мамандар да жоққа шығармайды.  

Жаңарту жұмыстары басталды

Еліміздегі тұрғын үй қоры жа­ғынан Алматы ешбір өңірді ал­дына салмайды. Алып шаһар­дағы үйлерде барлығы 5,4 мың лифт жұмыс істеп тұр. Өкінішке қарай, оның 1,4 мыңының әл­деқашан пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Бір қуанарлығы, кейінгі жылдары лифтілерді жаңарту мәселесінде біраз оң әрекет бар. Алматы қа­лалық тұрғын үй сая­саты бас­қармасы бастығының орынбасары Мейіржан Отын­шиевт­ің ай­туын­ша, өткен жылы 300 лифт ауыс­тырылған. «Биыл да соншама лифтіні жаңарту көз­деліп отыр. Осы мақсатта бюд­жет­тен 2,1 миллиард теңге қарас­тырылған. Бұл қаражат 7 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімде қай­тарылуы тиіс. Тұрғындар лифтіні ауыстыру ке­рек пе, жоқ па, жал­пы жиналыс жасап өздері шешеді. Егер тұрғын­дардың үштен екісі дауыс берсе, онда лифт ауыс­ты­рылады деп шешім қабылданады» дейді ол. Лифтілерді жаңарту жұ­мыстары алдағы бес жылда жүзеге аспақ. Мейіржан Отын­шиев бұл жобаны ойдағыдай іске асыру үшін кедер­гілер баршылық екенін де айтып өтті. «Мәселен, бір подъездегі лиф­тіні ауыстыру үшін сол үйдің бүкіл тұрғын­дарының келісімі керек. Өйткені лифт сол үйдің ортақ мүлкі болып саналады. Егер заңға қандай да бір өзгерістер енгізілсе, мысалы, егер нақты бір подъездегі лифт ауыстырылу керек болса, сол подъездің тұр­ғын­дары ғана ше­шім қабылдай алса, өзге подъез­дегі тұрғындардың дауысын жинау қажет болмайды» дейді ол. Сондай-ақ бұл күні лифтілерді жаңарту мәселесінің баяу іске асуына бюджет қар­жысын қай­тару мерзімі тым қысқа (жеті жыл) екені кері әсер етіп отыр­ғаны да айтылды.  

Тек құрастырушымыз

Өкінішке қарай, лифт өнді­ру­ші компаниялар елімізде бүгінде тек құрастырумен айналысып отыр. Тұтас лифт өндірісі әлі жол­ға қойылмаған. Лифтілер негі­зі­нен Қытай, Оңтүстік Корея, Түр­кия мен Беларусьтен жеткі­зі­леді. Осы жерде бір мәселенің бар еке­нін айта кетуіміз керек. Шет­ел­дік, әсіресе, Қытай мен Бе­ла­русьтің лифтілері отандық осы сала өндірушілеріне тегеу­рінді бәсекелес болып отыр. Оның үстіне ірі құрылыс ком­паниялары отандық өндіру­ші­лерге онша сенім артпай, не­гізінен шетелдік өнімді алуға ден қояды. Қазіргі таңда лифтішілер қауымдастығы мен Атамекен» ҰКП импортты алмастыру мақ­сатында бірлесіп жұмыс істеуге кірісіп отыр. «Қа­зақстан лиф­тішілер ұлттық қа­уым­дастығы» ЗТБ президенті Ержан Игібаев­тың айтуына қара­ғанда, 9 қабаттық үйге арнал­ған ең қарапайым де­ген лифтінің құны 9 миллион тең­геден кем болмайды. Ал өзі­мізде құрасты­рылған лифт 7 мил­лион теңгеден басталады. Лифт бағасы өндіруші елдерге, жүк көтергіштігіне, үйдің қаба­тына, басқа да себептерге байла­нысты болады. Қазіргі таңда елімізде 24 мың­нан астам лифт жұмыс істеп тұр. Оның 1 684-ін жөндеу қажет болса, 5 мыңға жуығын жаңасына ауыс­тыру керек. Осы саланың жұмысын жандандыру үшін Ин­дустрия және инфрақұрылымдық даму министр­лігі жол картасын әзірлеген. Сон­дай-ақ лифт шыға­ратын кәсіп­орындарға салық және басқа да жеңілдіктер қарас­тыру көзделуде.    width=Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ