Түркістан облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен облыс бойынша ҰҚК қызметкерлері бірлесіп, заңсыз діни сабақ берген ер адамды анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Polisia.kz-тің дерегінше, Түркістан қаласының тұрғыны үйінде 5 жастан 17 жасқа дейінгі 68 балаға сабақ беріп, діни уағыз айтқан. Оқу ақысы – 100 мың теңге.
Күдіктінің мекенжайы бойынша тексеру жүргізу кезінде 68 бала діни бағыт бойынша сабақ алғаны расталды.
Сондай-ақ оқушылар арасында Түркістан ғана емес, Абай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстары мен Өзбекстанның балалары да білім алғаны анықталды. Оған қоса, полицейлер 100-ден астам діни кітаптарды тәркіледі.
Ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Полицейлер азаматтарға заңсыз діни қызметпен айналысып, діни әдебиет таратқандар жауапқа тартылатынын ескертеді.