Президент өз сөзінде Орталық Азия мен Шығанақтағы араб мемлекеттері басшыларының бүгінгі кездесуі, ең алдымен, уақыт талабы және көпжақты ынтымақтастықты мүлде жаңа деңгейге көтеру жолында өзара түсіністік бар екенін көрсететініне назар аударды. Оның айтуынша, біздің елдеріміз екіжақты форматта берік әрі үйлесімді мемлекетаралық қатынас орнатты. Сенімді әрі белсенді саяси диалог, сауда-экономикалық ынтымақтастық дамып, мәдени-гуманитарлық байланыстар тұрақты түрде нығайып келеді.
– Жаһандық орнықты даму мәселесі бойынша мемлекеттеріміздің халықаралық аренадағы көзқарас-тары – ортақ немесе жақын. Жалпы, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі мақсаттары да бір. Тарихи байланыстар, ортақ рухани құндылықтар, достық пен бауырластық – қарым-қатынасымыздың берік негізі екені сөзсіз. Қазақстан бүгінгі кездесуге ерекше мән береді. Шығанақ елдерінің саяси ықпалы, экономикалық және инвестициялық әлеуеті зор. Олар – көптеген негізгі бағыттар бойынша біздің ең маңызды серіктесіміз. Орталық Азия мемлекеттерінің ішкі аймақтық ынтымақтастығын жандандырып, өңірдің жаһандық маңыздылығын күшейту қажет деп санаймыз. Бұл көпжақты ықпалдастықты тереңдету үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Осы іске «Орталық Азия +» диалог форматы елеулі үлес қосатыны сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Орталық Азия мемлекеттерінің әлеуеті мен Шығанақ елдерінің орасан зор мүмкіндігі көпжақты серіктестікті биік белеске шығара алатынына сенім білдіріп, осы диалог форматындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарына қатысты өз пікірін ортаға салды.
– Ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту маңызды. Соңғы жылдары біздің аймақтың Ынтымақтастық кеңеске мүше елдермен сауда-саттығы қарқынды дами бастады. Мұны ерекше атап өткен жөн. Бірақ көрсеткіштер біздің әлеуетіміздің толық пайдаланылмай отырғанын көрсетеді. Тауар айналымын айтарлықтай арттыру үшін бізде барлық мүмкіндік бар. Ол үшін өзара сауда номенклатурасын ұлғайту қажет. Мысалы, Қазақстан қысқа мерзімде құны шамамен 400 миллион доллар болатын 100 түрлі тауар экспорттауға дайын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру мәселесін екінші басым бағыт ретінде атады. UNCTAD баяндамасына сәйкес былтыр Орталық Азияға тартылған таза инвестиция 40 пайызға артып, 10 миллиард долларды құрады. Оның 60 пайызы Қазақстанға тиесілі.
– Тәуелсіздік жылдары Шығанақ елдері Қазақстан экономикасына 3,6 миллиард долларға жуық қаржы салды. Сондықтан біз инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Осыған орай экономиканы әртараптандыруға бағытталған ауқымды реформалар жүргізілуде. Шетелдік капитал үшін барынша қолайлы жағдай жасап жатырмыз. Жуырда Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында Іскерлік кеңес құрылды. Ол екі елдің сауда және инвестициялық әлеуетін арттыруға арналған маңызды алаң болмақ. Біз Кеңеске мүше мемлекеттердің барлығымен осындай ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Серіктестерімізді «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға шақырамыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысының пікірінше, көлік-транзит саласын дамыту маңызды. Қазіргі таңда мемлекеттеріміз көлік бағыттарын әртараптандыру үшін белсенді шаралар қабылдап жатыр. Түрлі инфрақұрылымдық және логистикалық жобалар қолға алынуда. Атап айтқанда, Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік дәлізін одан әрі дамытуға баса мән береді.
– Біз бұл бағыт арқылы жүк тасымалын дәйекті түрде ұлғайтуға ниеттіміз. 2030 жылға қарай жыл сайын 500 мың контейнерге дейін жүк жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, Қазақстан «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамыту шараларын қабылдауда, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды келесі басым бағыт ретінде атап өтті. Орталық Азия мемлекеттерінің аумағында 30 миллиард тоннадан астам барланған мұнай қоры және 20 триллион текше метрден астам газ қоры бар. Бұл аймақтың мұнай мен газ көлемі жағынан әлемде Араб түбегінен кейін екінші орында екенін көрсетеді.
– Қазақстан ОПЕК+ келісімінің қатысушысы ретінде осы ұйымға мүше елдермен ынтымақтастықты жоғары бағалайды. Біз жан-жақты қарым-қатынасты тереңдете түсуге дайынбыз. Елімізде энергия ресурстарын тасымалдау бағыттарын әртараптандыру үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге Қазақстан өндіруші жаңа қуат көздерін дамытуға және жаңғыртуға баса мән береді. Геологиялық барлау және өндіру ісіне озық тәжірибе мен технологияны енгізуге айрықша көңіл бөледі. Сондай-ақ заманауи мұнай-химия өнеркәсібін өркендетуге басымдық береді. Қазақстан Шығанақ елдерінің ірі энергетикалық компанияларымен тығыз қарым-қатынас жасауға дайын. Әсіресе, «жасыл энергетика» саласында бірлесіп жұмыс істеуге ниетті. Мысалы, Саудияның «ACWA Power», Әмірліктердің «Masdar» және Қатар компаниялары жобаларының келешегі зор. Жуырда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі өтті. Сол жиында мен Қазақстанда Халықаралық энергетикалық форум өткізуді ұсындым. Ынтымақтастық кеңесіне мүше елдердің мұнай мен газ экспорттайтын кәсіпорындарын осы іс-шараға қатысуға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты мәселеге арнайы тоқталды. Сондай-ақ Қазақстан Араб елдеріне ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттау көлемін ұлғайтып, олардың құрылымын әртараптандыруға мүдделі екенін айтты.
– Еліміз – әлемде бидай мен ұн өндіретін ең ірі он мемлекеттің бірі. Араб әріптестеріміздің «органик» және «халал» өнімдерін өндіру, өңдеу және сертификаттау тәжірибесі мен мүмкіндігі мол. Сондықтан оларға сұраныс жоғары. Осы орайда стандарттарды, техникалық реттеу және сертификаттау жүйесін үйлестіру маңызды. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет деп санаймыз. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының әлеуетін пайдаланып, бұл міндеттерді тиімді іске асыра аламыз. Ұйымның қазіргі Төрағасы ретінде белсенді жұмыс жүргізіп жатқаны үшін Қатар басшылығына шынайы ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ оның қызметін жандандыруға Сауд Арабиясының зор үлес қосқанын айрықша атап өткім келеді. Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, осы саладағы ынтымақтастықты дамыту үшін Ауыл шаруашылығы министрлерінің кездесу тетігін құруды ұсынамын, – деді Президент.
Бұдан бөлек, Президент аймақаралық туризмді дамытуды ынтымақтастықтың келесі басым бағыты ретінде атады.
– Орталық Азияның туристік әлеуеті зор. Мұны тиімді пайдалану қажет. Сондай-ақ туризм индустриясы – аймақ экономикасының тез дамып келе жатқан саласының бірі. Осыған орай туризмнің мәдени-танымдық, экологиялық, спорттық, сауықтыру және іскерлік салаларын бірлесе дамытуға дайынбыз. Бұл туристік бағытты ілгерілетуге ықпал етеді. Бүгінде Қазақстан Ынтымақтастық кеңесіне мүше барлық мемлекет үшін визасыз режим енгізді. Сонымен қатар сіздердің астаналарыңызбен тікелей әуе қатынастарын жолға қойды, – деді Мемлекет басшысы.
Президент сөзінің соңында ұсынылған бастамалар Қазақстанның өзара орнықты даму мен өркендеуді қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылысын растайтынын жеткізді.
Сонымен қатар «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесінің» бірінші саммитіне Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд, Бахрейн Королінің гуманитарлық жұмыс және жастар ісі жөніндегі өкілі, Ханзада шейх Насер бен Хамад Әл Халифа, Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни, Кувейттің Тақ мұрагері шейх Мешаль әл-Ахмед әл-Джабер ас-Сабах, БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай Әмірлігінің Билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, Оман Сұлтанаты Премьер-министрінің орынбасары, Ханзада Асад бен Тариқ Әл Саид, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Шығанақтағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысы Жассем Мұхаммед әл-Будауи қатысты.
«Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесі» бірінші саммитінің қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылданды.