Қарымта кездесуде «Астана» командасы сырт алаңда «Динамо Тбилиси» (Грузия) командасын 1:2 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды. Тбилисиден арнайы Aikyn.kz үшін журналист Абылайхан Жұмаш хабарлайды.
«Бүгін Тбилисиде тамаша ойын болды. Жергілікті «Динамоны» елордалық команда «Астана» 1:2 есебімен жеңіп, Чемпиондар лигасының іріктеу ойындарында келесі кезеңге жолдама алды. Алаң иелері өте жақсы ойнады. Біздің «Астана» командасы әуел баста допқа иелік еткен еді. Алайда «Динамоның» жартылай қорғаушысы Усман Камара ойынның 22-минутында ұрымтал сәтті пайдаланып, есеп ашты. "Астананың" 2-таймда жеңіске жететініне сенімді болдық. Қазақстаннан 150-ден астам жанкүйер арнайы келді. Біз «Астанаға» қолдау көрсеттік. Стадионға шамамен 5 мыңға жуық жанкүйер жиналды.
Екінші таймда «Астана» командасының футболшысы Абзал Бейсебеков таразы басын теңестірді. Команда капитаны ойынның 50-минутында қақпаға допты дәл көздеп, гол соқты. Іле-шала Дембо Дарбо 52-минутында гол соғып, 2:1 есебімен алға озды.
Енді «Астана» екінші кезеңде хорватиялық «Динамо Загреб» командасымен өзара мықтыны анықтайды. Бұған дейін командалар 1-2 рет бақ сынасқан. Екеуара бірінші ойын 25 шілдеде «Динамо Загреб» командасының алаңында және қарымта кездесу 1 тамызда Қазақстанда «Астана аренада» өтеді. Жанкүйерлер «Астана» командасының жеңіске жетеріне сенеміз! – дейді Абылайхан Жұмаш.
Еске сала кетейік, «Астана» командасы 2015-2016 жылғы кезеңде турнирдің топтық кезеңінде ойнады. 2016, 2017, 2018 жылдары Еуропа лигасы топтық кезеңінде сынға түсті.