Еуроодақ босқындарды кіргізе ме?
Еуроодақ босқындарды кіргізе ме?
Түркия президенті Режеп Ердоған өткен сенбіде Еуропаға барғысы келетін сириялық босқындарға шекараны аша­тынын мәлімдеген бола­тын. «Біздің еліміз мигранттардың жаңа толқынын ұстап тұра алмайды» деді ол. Грекия билігі шека­радағы қалыптасқан жағдайға байланысты Еуроодақта­ғы әріптес мемлекеттерден көмек сұрады. Грекияға өтпек болған он мың­дай мигрант Түркияның ше­­­ка­расында тоқтатылды. Деген­мен 500-ге жуық адам қайыққа мі­ніп, Грекияға қарасты Эгей те­ңізіндегі аралдарға жетіп ал­ға­ны белгілі болды. Грекия по­ли­ция­сының мәліметінше, Лес­бос аралына 300-дей кісі жеті қайық­пен жетсе, Самос аралына 150 адам төрт қайықпен, Хиосқа 80 адам екі қайықпен барған. Айта кетейік, Түркия өз тер­ри­тория­сында 3,7 млн сириялық бос­қынға орын берген. Одан бө­лек, ресми Анкара Иран, Ирак, Ауғанстан және басқа да ел­дерден босып келгендерге есік ашқан болатын. 2016 жыл­дың көктемінде Анкара мен Брюс­сель заңсыз мигранттар ағы­нын тоқтату туралы келісім жасас­ты. ЕО елдерімен жасалған осы келісім бойынша Түркия бос­қын­­дарды өзінде ұстап, ЕО елде­ріне жібермеуді міндетіне алды. Есесіне, ЕО-дан 6 миллиард еуро көлемінде қаржы алуы тиіс бо­ла­тын. Сондай-ақ сол жолы Брюс­сель Түркияны Еуропа ода­ғы­на мүшелікке кіргізу тура­лы келісімді жеделдетеміз және Түркия азаматтары үшін ЕО виза­сыз режим енгіземіз деген уәде берген. Алайда бұл екі келісім де әлі орындалған жоқ. Түркия билігі сириялық бос­қын­­дар­ды асырау қиынға со­ғып жат­қа­ны туралы бұрын да бір­неше рет мә­лім­дегені есте. Де­ген­мен батыс мем­лекеттерінен уәде етілген көмек кел­ме­ген соң мигранттарды қару ретінде қол­­­дану тәсіліне көшкендей. Кей­­бір сая­саткерлердің жазуын­ша, Ердоғанға Еуропалық ел­дер­дің Сириядағы жағ­дай­ды тұрақ­тан­дыру ісіне белсенді кіріспей қой­ғаны ұнамаған. Сондықтан бос­қындарды қоя беріп отыр. 29 ақпаннан бері Түркия тер­ри­то­риясынан жүз мыңнан аса мигранттың шыққаны анық­­талды. Қайыққа тиеліп, ашық теңізге шығып кеткен бос­қын­­дардың алды Грекия мен Бол­­­гария шекарасына жетті. Гре­к­ияның шекара әскері мен миг­­ранттардың арасында бір­неше қақтығыс болып, полиция көзден жас ағызатын газ қолданғаны айты­луда. Грекияның премьер-ми­нистрі Кириакос Мицотакис жексенбі күні қауіпсіздік кеңе­­сінің отырысын өткізіп, шекара күзетін күшейту туралы шара қабыл­данды. Еуропа одағы 2015 жылғы миг­рант­­тар­дың жаппай ағылуы­нан іш жиып қалған. Бес жыл бұрынғы ахуал қайта­ла­на ма деп қауіптеніп отыр. БҰҰ-ның мә­лі­меттеріне сүйен­сек, Еуропа елде­рін­де миг­­ранттар саны 90 миллионға жа­қын­дап қалды. Олардың көбі ба­ла­лар мен жасөспірімдер. Сол себепті ЕО Афиныға ше­кара мәсе­лесіне көмектесуге әзір екенін жет­кіз­ді. Австрияның канцлері Себастьян Курц Facebook-те «2015 жылғы жағдай қай­та­ланбауы тиіс. ЕО шека­ра­сында заңсыз мигранттарды тоқ­тату керек. Біз қосымша по­ли­­ция жіберіп, шекараны қор­ғау­ға дайынбыз» деп жазды. Фран­ция президенті Эммануэль Мак­рон да Грекия мен Болгария шека­ра­сында орын алған жағдай­ға бай­ланысты аталған елдерге кө­мек­­тесуге дайын екенін жеткізді. Германиядағы Христиан-де­мо­к­­ра­тиялық одағының (ХДО) са­рап­шысы Норберт Рёттген Сириядағы дағ­дарыстың күшеюі­не бай­ланысты Ресейдің ұста­ны­мын айыптап, ЕО ел­де­рін ресми Мәскеуге қысым көрсетуге шақырды. «Ресей агрессиялық соғысын тоқтатуы керек. Егер Мәс­кеу көнбесе, онда біз Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізуіміз керек», – деді ол. Сонымен бірге неміс саясаткер мигранттардың мәселесін реттеу үшін Түркиямен ынты­мақтастықты жалғастыру керек екенін жеткізді. Заңсыз мигранттар ағыны­ның екін­ші толқынын реттеуге байла­ныс­ты 5 наурызда Хорва­тия­­ның аста­насы Загребте ЕО сыртқы істер министр­лері­нің кездесуі өтпек.   Дастан ДУМАН