Енді заң бұзушылықтар мен жалған тексеру белгілері анықталған техникалық байқаудың диагностикалық карталары жойылады. Бұл ретте автокөлік иесіне 1414 нөмірінен техникалық байқаудан қайта өту қажеттілігі туралы SMS хабарлама жіберіледі, – деп хабарлайды «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ қоғаммен байланыс басқармасы.
Диагностикалық карта – техникалық байқаудан өткенді растайтын құжат, онсыз автомобиль елде жүре алмайды. Картаны міндетті техникалық байқаудан өту ережелеріне сәйкес техникалық байқау орталықтары (операторлар) береді.
Ал, диагностикалық картаның күшін жоюды «Міндетті техникалық қарап-тексеру» бірыңғай ақпараттық жүйесінің операторы және жұмыс тобы жүйеге келіп түсетін деректерді мониторингілеу кезінде жүзеге асырады.
«Жыл сайын біз жалған техникалық байқаудан анықталған операторлардың жұмысын тоқтатамыз. Тек 2021 жылдың өзінде 249 орталық иесінің жүйеге қол жеткізуі тоқтатылды, ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 168-ге дейін төмендеді. Техникалық байқаудан өту ережелерін бұзған жағдайда тексеру орталықтарының иелері ғана емес, сонымен қатар көлік иесінің өзі де жауапты. Жалған техникалық байқаудың салдары – техникалық байқау станциясында жұмыс істеуге рұқсаттың күші жойылып қана қоймайды, сол ұйым берген барлық тексеру деректері де жойылады», – дейді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин.