«Көктем қалқаны» қақпанға айналды
«Көктем қалқаны» қақпанға айналды
257
оқылды
Таяу Шығыс тағы да «қызып» бара жатыр. Өйткені Түркия Сирияның теріскейінде «Көктем қалқаны» атты әскери операция бастады. Бұл өз кезегінде аймақтағы күштердің арақатынасын өзгертіп, бұрын бір-біріне қырғиқабақ бола қалғандарды татуластырып, «достарды» ердің артқы қасын сұрауға мәжбүр еткен жайы бар. Түркия қарулы күштері­нің Сирияның Идлиб провинция­сын­да кең көлемді әскери операция бастауына 27 ақпанда Башар Асад жасақтарының түрік сарбаздарына шабуыл жасап, 33 әскерін мерт қылғаны себеп болды. Сол күні Түркия Асад күштерін ат­қы­­лап, біраз техникасы мен сар­­баз­да­рының көзін жойған бола­тын. Алайда сириялықтар да ал­ған бет­тері­нен қайтпай, түрік әске­рі­нің позициясын атқылауын қоймаған еді. Сөйтіп, түріктер бір аптада Идлиб төңірегінде 34 сарбазынан айырылды. Шамасы, мұндай шы­ғын ресми Анкараның ашуына тисе керек, өңірде кең көлемдегі әс­кери операция басталды. Әзір­ге Ба­шар Асад күштерінің шы­ғы­ны орасан зор болып тұр. Кей­бір деректерге қарағанда, бір ап­та­­ның ішінде Асад күштері он­даған әскери көлігінен, жүз­ге жуық танктен, екі әскери әуе­­жайынан, бірнеше зениттік зы­­мыран кешенінен, соның ішін­де «Панцир С-1» және «Бук» ке­шені­нен айырылған. Сенбі күні түрік әскерилері Сирияның екі СУ-24 ұшағын құлатты. Асад күш­те­рінің адам шығына 3 мыңға жа­қындады. Cоның ішінде екі ге­не­рал, бірнеше полковник көз жұм­ды.  

Ресей мен Түркия кетісіп тынды

Сириядағы азаматтық соғыс басталғанда екі түрлі позиция ұстаған Түркия мен Ресей ке­йін­гі жылдары аяқ астынан Шам же­рін­де кейбір мәселелер бо­йын­ша уағдаласып, өздерінің ық­пал ету аймақтарын белгілеп алғаны бар. Сирия дағдарысын шешу үшін Ресей, Түркия, Иран мен Сирия билігі, оппозициялық күштер «Ас­тана процесіне» қатыс­қаны есте. Бірнеше раундтан тұра­тын осынау кездесулер «Сочи ке­­лі­сімі» атты шараларға ұлас­қан еді. Тіпті, Сочиде мүдделі та­рап­тар бірқатар құжаттарға қол да қойған. Сөйтіп, түріктер Сирия­ның теріскейінде буферлік аймақ қалыптастырып алуға қол жеткізген еді. Алайда ақпанның басында Дамаск күштері әлгі буфер­лік аймаққа шабуыл жасады да, Түркия мен Ресейдің арасы суып кетті. Өйткені түріктер ша­буыл­дың артында ресейліктер тұр деген ұстанымын байқатты. Әрі Мәскеудің одақтасын ашық атқылай бастады. Ал ресейліктер өздері қолдайтын Башар Асад күш­терінің ауыр шығынға ұшы­рап жатқанына «күйіп» кетсе керек. Мәскеу жақ Түркияға қар­сы ақпараттық шабуылды күшейт­ті. Ресми тұлғалар да түрлі мәлімдемелер жасап жатыр. Тіпті, Идлиб төңірегінде түрік ұшақтары ұшар болса оның қауіпсіздігіне жауап бере алмайтынын да айтып үлгерді орыс генералдары. Бірақ 5 наурыз күні В.Путин мен Р.Ердоған кездесетін болып уағдаласты. Алайда біздің пайымдауымызша, бұл кездесудің нәтижесі шамалы бола­тынға ұқсайды. Өйткені тү­рік­тер Асад күштерін әбден соқ­қылап, оппозицияның қарсы ша­буылға көшуіне ықпал етуді көз­деп отырған сыңайлы. Ал жо­­ғары деңгейдегі кездесулер уа­­қыт ұтудың амалы ма дейміз. Оның үстіне, қазір күштердің арасалмағы өзгерді. NATO да Ан­­ка­раны қолдап кетуі мүмкін. Бірнеше күн бұрын NATO-ның Түр­кияға қандай да бір жәрдем жасауына қарсы болған Грекия өз ұсынысынан бас тартты да, альянс­тың кез келген сәтте Анка­раны қолдауына жол ашылды. Әрине, бұл жерде әңгіме тікелей әс­кери жәрдемде болмауы да мүм­кін. Алайда NATO Түркияға әуе қорғанысы кешендерін, Жер­ор­та теңізіндегі кемелер арқы­лы барлау деректерін ұсынуы мүмкін. Әуе қорғаныс кешені демекші, Анкара АҚШ-тан Patriot зениттік-зымыран кешендерін сұраған. Әзірге Вашингтон нақты ұстаным білдірген жоқ, бірақ Трамп бұл мәселені Ердоғанмен ақылдасып, пысықтап жатқанын мәлімдеп жіберді. Ал NATO Түркия жерінде тұрған альянсқа тиесілі зениттік-зымыран кешендерді түріктердің пайдалануына беруі де ғажап емес. Қазір Түркия жерінде Испа­ния армиясына тиесілі Patriot кешендері кезекшілікте тұр. Міне, осы жағдайлардың өзі Ресейді алаң­дататын тәрізді. Өйткені Си­рия­­дағы Ресей контингентінің мұн­­дай қысымға төтеп беруге қау­­қары жоқ. Мәскеу ұрысқа ара­лас­­паған жағдайда Асад күште­рі қатты соққы алуы мүмкін.  

Жаңа технологияны сынап жатыр

Идлиб төңірегіндегі ұрыстар Түр­кияның қолайына әбден жа­ғып тұр. Рас, мерт болған сар­баз­дардың кегін қайтару түрік­тер үшін маңызды екені анық. Кек қайтармаған жағдайда Ер­до­­ғанның ел ішіндегі беделі күрт төмендеп кетер еді. Алайда «Көк­­тем қалқаны» Түркияны қа­ру-жарақ нарығындағы бел­ді ойын­шылардың біріне айнал­ды­руы бек мүмкін. Біз сөз басында АҚШ-тан Түркияның Patriot зениттік-зымыран кешендерін сұ­рап жатқанын айттық. Алайда бұл өтініштің екі түрлі сипаты бар. Біріншісі, кешенді Түркия жеріне орналастырып, қолдануға мүм­кін­дік беру талабы болса, екін­ші жа­ғы­нан зениттік ке­шен­ді сатып алу мәселесі де қарастырылып жатыр. Бірқатар ақпарат құралы Дональд Трамптың Сирия жөніндегі ар­на­йы өкілі Джеймс Джеффридің Пентагонға қысым жасап, кешенді Түркияға сатуға көндірмек болып жатқанын жазуда. Егер зениттік-зымыран кешенін америкалық әскерилер түріктерге сатуға келі­сім берер болса, Анкара нарықта бір-біріне бәсекелес саналатын екі қа­ру­ды иеленіп шыға келейін деп тұр. Себебі түріктерде орыстың С-400 кешені де бар. Екіншіден, Идлибтегі ұрыс Түркияның әске­ри техника өндіруде әжептәуір дер­бестікке жеткенін байқатты. Bayraktar TB2 пилотсыз ұшу құ­рал­­­дары Асад әскерінің төбесіне әңгір таяқ ойнатып жатыр. Сирия­лық­тарға ең көп шығын келтір­ген де осылар. 27 сағат бойы ұшып жү­руге қабілетті дрондар Идлиб төңірегіндегі Асад күштерінің та­лай техникасын жойып жіберді. Бұл өз кезегінде Түркиядан әлгі дрон­­дарды сатып алушылар қата­рын күрт көбейтуі мүмкін. Өйт­кені әскери сарапшылар Bayraktar TB2-нің мықты қару екенін мойын­дады.  

Босқындар –  бопсалау құралы

Түріктер Сирияда ұрыс бастал­ған соң өзінің Еуропа жақтағы ше­­ка­расын ашып жіберді. Сөй­тіп, бірнеше күннің ішінде 100 мың­­нан астам босқын Еуропа ел­деріне кірді. Босқындар теңіз ар­қы­лы да, құрлықпен де Грекияға ағы­­лып жатыр. Еуропа одағы Гре­кияға қолдау көрсететінін мә­лім­дегенімен, қандай жәрдем жа­сайтыны туралы ешкім тіс жар­­ған жоқ. Ал Түркияның шека­раны ашып жіберуі Еуропа одағын боп­салаумен бірдей көрінді. Ша­ма­сы, Анкара босқындар ар­қы­лы Брюссельдің өздеріне нақты қол­дау жасағанын, тіпті әскери көмек көрсеткенін қалайтын тә­­різ­ді. Бірақ бұл бопсалауға Еу­ро­па міз бақпауы да ғажап емес. Өйт­­кені АҚШ болмаса, NATO-ның өзге елдері Ресеймен ашық те­кетіреске тәуекел ете қой­май­ты­ны байқалып тұр. Ал В.Пу­тин болса, Ресейдің ешқандай со­ғысқа қатыспайтынын мәлім­де­ді. Бұл Мәскеудің соғысып жүр­­­­ген жекеменшік компания жа­­­­сақтарын тағдыр тәлкегіне тас­­­тауға әзір екенін байқатады. Иран да өздері қаруландырған топ­тарға ашық қолдау көрсетпеді. Ал түріктер жексенбіде Хезболла күштеріне де соққы жасаған еді. Қысқасы, «Көктем қалқаны­ның» қалай аяқталары белгісіз. Бі­рақ бұл операция өңірдегі қа­ру­л­ы топтар үшін қақпанға айналу қаупі бар.    width=Амангелді ҚҰРМЕТ