Жобадағы басты мақсат – ауылдағы жұмыссыздықты жою, ауыл халқын жеке кәсібін дөңгелету арқылы табыс табуға үйрету, осы бағытта қолдау көрсету.
Күні кеше партияның мобильді тобы Кербұлақ ауданындағы Қарашоқы ауылының тұрғындарымен кездесіп, жергілікті ағайынға жобаның мақсаты мен міндетін, табыс табудың жолдарын түсіндірді.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы Кербұлақ аудандық филиалының консультант менеджері Маржан Түменбаеваның айтуынша, аудан бойынша кәсібін ашу мақсатында 30 өтінім келіп түссе, солардың ішіндегі 16-ы өтінім осы Қарашоқы ауылынан келген. Барлық бизнес жоба әлі қаралым үстінде.
«Жеке кәсібімді дөңгелетемін деген жандарға бұл жоба үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Жобада ауылдағы ағайынды 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиемен қамтып, сонымен қатар ауылшаруашылық техникасын алуға лизинг беру қарастырылған. Одан бөлек, агроөнеркәсіп саласында кәсіби біліктілігі мол мамандардан тегін кеңестер беріледі. Ал әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы кооперативтердің жұмысын үйлестіріп отырады. Мұның барлығы елді еңбекпен қамтуға Үкімет тарапынан үлкен қолдау барлығын білдіреді», – деген Маржан Нұрмұхамбетқызы бағдарламаның тиімділігін тізбектеп, түгендеп, түсіндірді.
Жеке қосалқы шаруашылықты игеруге енді ғана кіріскелі отырған болашақ кәсіпкерлер де жобаға үлкен үміт артады. 40 жастағы Майдан Бердік – солардың бірі. Ол Мемлекет басшысының бастамасымен іске асқан жоба бойынша мал өсірумен және сүт өндірісімен айналыспақ. Жалпы, жергілікті жердегі мал шаруашылығы бойынша жобаларын ұсынған тұрғындар кооперация құруды жоспарлап отыр.
Қарашоқы ауылындағы кәсіпкер Майдан Бердіктің айтуынша, қарапайым халық үшін тиімділігі мол жобаның мән-мағынасын жете түсінген жандардың құлшынысы керемет.
«Маған жобаның тиімділігі ұнады. Сондықтан халыққа оны жүзеге асырып, несиені рәсімдеу оңайырақ болады. Осы жоба арқылы жұмыссыз жүрген ауылдастар, жастар жеке кәсібін ашып, Үкімет тарапынан жасалып отырған қолдауды сезінері сөзсіз. «Ауыл – ел бесігі» демекші, жаңадан ашылған жобалар арқылы ауылымыз гүлдейді. Оның үстіне, жергілікті әкімдік те, «AMANAT» партиясы да мүмкіндігінше көмектесіп, қолдау көрсетіп отырады. Бұл өте маңызды. Себебі сала мамандарының кеңесі жеке кәсібін енді дөңгелетем деушілерге өте керек», – дейді Майдан Бердік.
Кербұлақ ауданы туристерге, әсіресе шетелдік туристер үшін тартымды өңір. Сол себепті белсенді ауыл тұрғындары туристік жобаларды да ұсынып отыр.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қант қызылшасы, тауарлы-сүт фермасы сынды негізгі жобаларға қолдау көрсетіледі және тұтынушыларды елімізде өндірілген қант және сүтпен қамтамасыз етуге нақты қадамдар жүзеге асырылады.
Бүгінде облыста жоба бойынша 272 өтінім түсіп, оның 23-і мақұлданып, алғашқы 9 өтінімді 27,2 млн теңгеге қаржыландыруға кредиттік шарттар жасалып, қол қойылған.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы