Оның айтуынша, бұрынғы күйеуі Мәскеу қаласындағы №4 П.Б.Ганнушкин атындағы психиатриялық емханаға зорлықпен жатқызып, «есі дұрыс емес» деген жалған анықтама жасатқан. Мұны қасақана түрде жеке кәсібін тартып алу мақсатында ұйымдастырған. Бүгінгі таңда осы емханада адамды зорлықпен жатқызу үшін 40 мың рубль жеткілікті екені анықталған. Осы емханадан алынған анықтама Ж. Айдарбекованың Алматы қаласындағы тіс емханасын тартып алып, үш баласын көруге құқығы шектелуіне негіз болған екен. Бұл мәселе бойынша бірнеше мәрте қылмыстық іс қозғалғанмен, бұрынғы күйеуі Р.Гаджиевке заң шеңберінде еш шара қолданылмаған.
Бүгінгі таңда өз еңбегімен құрған кәсібінен де, үш баласынан айырылған ана көптеген заң бұзушылық болып жатқанын күйіне жеткізді.
– Мен Руслан Гаджиев есімді Қазақстан азаматына тұрмысқа шықтым. Біздің үш баламыз бар. Өзімнің жеке тіс емханамды 2007 жылы ашқан болатынмын. Ал күйеуім онда қарапайым тіс дәрігері болатын. Бүгінгі таңда бұрынғы күйеуім жалған анықтама арқылы жеке кәсібім мен балаларымды тартып алды, – дейді ол.
Түрлі жағдайлармен қоқан-лоқы көрсеткен күйеуі оған айтқан талаптарына келіспесе жағдайы бұдан да қиын болатынын айтып қорқытқан. «Маған кәсібіңнің 100 пайызын бересің, есесіне саған үй қалады» деп уәде берген күйеуінің сөзіне сенген ол ақырында барлығын тартып алмақ болғанын айтады.
Ж.Айдарбекова қаншама дәлел-дәйектері бола тұра, құзырлы мекемелердің ешқандай әрекетсіз отырғанына қынжылады.
Наурызбек САРША