Жиынға бірлестіктің басқарма және орталық кеңес мүшелері мен делегаттары, тіл жанашылары, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты. «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің бұған дейін атқарған жұмысына қорытынды жасалып, алдағы жұмыс жоспары мен жаңа міндеттері талқыланды.
«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі 1989 жылы 22 қыркүйекте құрылған. Ол – қазақ тілін дамытуға ынталы тіл жанашырларын біріктіретін еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қолданыс аясын кеңейту, беделін арттыру, қазақ мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын насихаттау, тілді қолдану мен оны үйретуде жаңа технологиялық әдістерді пайдалану бағыттарында қызмет атқарады. Қазақ тілін, сондай-ақ халқымыздың мәдениетін, әдебиетін, тарихын оқып-үйренуге, әдеп-ғұрпын сақтап, оны одан әрі дамытуға ынтызар елімізде және басқа мемлекеттерде тұратын қандастарымыз бен басқа ұлт өкілдерінің басын біріктіретін ерікті ұйым.
Құрылтайда ұйым президенті, қоғам қайраткері, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының өткен кезеңдегі қызметі туралы баяндама жасады. Ол 2021 жылдың 26 қарашасында Түркістанда өткен қоғамның VI құрылтайында ұйымның президенті болып сайланған болатын.
«Бұл аралықта «Қазақ тілі» қоғамы Астана қалалық филиалының бастамасымен «Қазақ тілі мен мәдениеті» форумын өткізді. 1986 жылғы қасіретті оқиғаларға байланысты «Желтоқсан» деп аталатын кітап басып шығарды. «Алтын қыран» компаниясының демеушілігімен музыка сүйер ортада танымал Spotify қызметінің қолданба мәзірі мен интерфейсі қазақ тіліне аударылды. Сондай-ақ қоғамдық бірлестіктің филиалдар саны 135-ке дейін көбейіп, қоғамның бас кеңсесі Астана қаласына көшірілді. Қазақтілді тұтынушылардың қызмет алу құқығын қорғау мақсатында «Көрнекі» жобасы іске қосылды. Жоба кәсіпкерлік нысандардың тілге қатысты заңнаманы қатаң сақтауына ықпал етіп жатыр. Одан бөлек, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен «Народные восстания в Казахстане в 1920-1930-е годы. Монография в документах» кітабы баспаға дайындалды. Аймақтарда да бірқатар жұмыс атқарылды», – деді бірлестік басшысы.
Берік Әбдіғалиұлы өзінің мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты қоғамдық бірлестік басшылығына Bilim Media Group компаниясының басшысы, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Рауан Кенжеханұлының кандидатурасын ұсынды. Құрылтай делегаттарының ашық дауыс беруімен Рауан Кенжеханұлы «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті болып сайланды.
Рауан Кенжеханұлының бастамасымен интернеттегі қазақ тіліндегі мазмұнды дамыту және оған қолжетімділікті арттыруға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асқан. 2011 жылы оның бастамасымен құрылған WikiBilim қоғамдық қоры «Қазақша Wikipedia» жобасын іске асырды. Екі жылдық жұмыс нәтижесінде Уикипедиядағы қазақша мақала саны 7 мыңнан 200 мыңға дейін артты. Қазір қазақша Уикипедия бөлімі айына 14-15 миллион рет қаралады. 2014 жылы Рауан Кенжеханұлының ұйымдастыруымен қазақ тілі Google Translate жүйесіне қосылды. Сондай-ақ қазақ тіліндегі кітап қорын, соның ішінде көркем және ғылыми әдебиетті цифрлы форматқа өткізуге бағытталған KITAP – Қазақстанның ашық кітапханасы, студенттерге арналған OPEN_U – «Қазақстанның ашық университеті» сынды ауқымды жобалар жүзеге асырылды. 2017-2021 жылдары Р.Кенжеханұлы басқарған «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясы аясында әлемнің ең үздік 100 оқулығын қазақ тіліне аударып таратты. Сонымен қатар қазіргі қазақ әдебиетінің антологиясын БҰҰ-ның 6 тіліне, Абай Құнанбайұлының шығармалар жинағы әлемнің 10 тіліне аударылып, әлемнің 100-ден аса еліне тарады. 500 мың сөз бен сөз тіркесінен тұратын OXFORD QAZAQ Dictionary (Оксфорд қазақ) сөздігі жасалды.
Жаңадан сайланған қоғам президенті білім беру саласындағы қазақ тілін оқыту сапасы, оқу сауаттылығын көтеру, қазақ тілінің кәсіпкерліктегі, ақпараттық технологиялардағы қолданыс аясын кеңейту, көпшілікке, соның ішінде балаларға қажетті қазақтілді мазмұнды арттыру, тілді үйренуге және біліктілігін жетілдіруге ниетті ортаға арналған көпшілік жобалар, қазақ тіліндегі мазмұнды цифрлы форматқа көшу мәселелеріне ерекше ден қоя отырып, қоғам мүшелерімен бірге жұмыс істейтінін айтты. Аталған міндеттерді іске асыруға қажетті ғылыми-әдістемелік, ұйымдастырушылық және ақпараттық шаралар мен жобалар кешені дайындалмақ.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі бірлестіктің жаңа президентін қызметімен құттықтады.
«Мемлекет басшысы айтқандай, қазіргідей ақпарат пен жаңа технология қарқынды дамып жатқан кезеңде қазақ тілінің ұлтаралық және халықаралық тілге айналуына қызмет ету керек екені белгілі. Бұл орайда Рауан секілді Уикипедияны қазақша сөйлетіп, әдебиетімізді әлем тілдеріне аударған, тіліміздің мерейін көтеру үшін қыруар жобалар жасаған белгілі азаматтың бұл қызметті абыроймен атқаратына сенім мол», – деп жазды әлеуметтік желіде министр.
Сондай-ақ Құрылтай ұсынысы бойынша халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының орталық кеңесі мен басқарма құрамы жаңартылып, толықтырылды. Атап айтқанда, орталық кеңес және басқарма құрамына Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібінің министрі Бағдат Мусин, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің басқарма төрағасы Дихан Қамзабекұлы, Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, кәсіпкер-меценат, TAS Group компаниясының басшысы Дулат Тастекеевтер кірді.
Асыл ТҰМАР