Twitter логотипі өзгереді

6 сағат бұрын BBC News Илон Масктің мәлімдемесін жариялады. Миллиардер Twitter құс логотипін «Х» әрпімен алмастыратын болды. Бұрынырақ әлеуметтік желінің атын X Corp деп өзгерткен Маск мырза логотипті ауыстыру «баяғыда жасалуы керек еді» дейді.

BBC News 6 сағат бұрын Илон Масктің мәлімдемесін жариялап, Twitter құс логотипін «Х» әрпімен алмастыратынын жазды. Маск бұған дейін де технологиялық ортада бас шайқатар түрлі дүрліктірме айтумен де белгілі. Әлеуметтік желінің атын X Corp деп өзгерткен Маск мырза логотип ауыстыру «баяғыда жасалуы керек еді» деді. Миллиардердің жаңа ұсынысына Aikyn.kz өзінің талдауын қосады.

Фото people.com сайтынан алынды

BBC News хабарламасына қарағанда америкалық миллиардер Илон Маск қытайлық WeChat-қа ұқсас «X» атты «супер қолданба» жасағысы келетін сияқты. Кеше жексенбіде ол Twitter логотипін өзгерткісі келетінін жазды: «Жақында біз Twitter брендімен және біртіндеп барлық құстармен қоштасамыз». Уақытша логотип сол күні кешікпей келетінін де айтқан. 

Бірақ Қазақстан аумағында бүгін таңертең Twitter әлі де құс бейнесіндегі логотиппен жұмыс істеп тұр. 

Twitter атауы алғашқыда ағылшынның «tweet» сөзінен алынған, қазақшалағанда құстың шырылдауы, шықылықтауы, адамдардың сөйлесуі, шүлдірлеуі дегенді білдіреді. 

Маск мырза жыпылықтайтын «Х» суретін Twitter-де жариялады, кейін Twitter Spaces аудио чатында Twitter логотипі өзгереді ме деген сұраққа «Иә» деп жауап беріп, «бұл баяғыда жасалуы керек еді» дегенді қосқан.

Компанияның бас атқарушы директоры Линда Яккарино да платформада ребрендинг қызықты әрі жаңа мүмкіндік екенін жазған. «Твиттер біздің қарым-қатынасымызға зор әсер етті және оны өзгертті. Енді «X» жаһандық кеңістікті түрлендіру арқылы алға жылжитын болады», – деді атқарушы директор.

Азияда супер қолданбалар, соның ішінде Үндістанның PayTM және индонезиялық GoJek соңғы бірнеше жылда-ақ адамдар арасында күнделікті қарым-қатынастар жасауда аса маңызды құралға айналды. Қолданбалар пайдаланушыларға көптеген қызметтерді төлеуге мүмкіндік береді.

WeChat – қызметтер мен пайдаланушылар саны бойынша аймақтағы ең үлкен қолданбалардың біріне айналған хабар алмасу және әлеуметтік желі платформасы. Тек Қытайда өткен жылы оның 1,29 миллиард пайдаланушысы болған.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Clive Mason

Маск Twitter-ді 2022 жылдың қазан айында сатып алғаннан кейін компания атауын X Corp деп өзгертті. Twitter веб-сайтында көк құс логотипі «біздің ең танымал активіміз. Сондықтан біз оны қатты қорғаймыз» деген жазба сақталған. 

Маск мырза осы айдың басында «аккаунт иелері бір күнде оқитын твит санына шектеу қойылады» деген мәлімдемеден кейін қолданушылар мен маркетологтардың сынына ұшырады.

Керісінше, күнделікті оқуға қойылған шектеулер жаңадан шыққан бәсекелес Threads қызметінің танымалдығының өсуіне көмектесті, бес-ақ күннің ішінде оған 100 миллион адам тіркелді.

Twitter үшін ең соңғы қиындық 18 шілдеде әлеуметтік желі бұрынғы қызметкерлерге жұмыстан шыққанда берілетін жәрдемақы бойынша 500 миллион доллар қарызы бар деген шағым болды.

Маск мырза әлеуметтік платформаны сатып алғаннан кейін қызметкерлердің жартысынан көбін қысқартқан.