Алматыда жігіт көпірден секіріп кетпек болды

Келіссөздер оң нәтиже беріп, ер адам көпірдің тіреуішінен бері қарай өтті. Оған еш қауіп төнген жоқ

Үлкен Алматы айналма жолында бір жігіт қызбен ұрысып көпірден секірмек болды.

Оқиға сағат 12:30 шамасында Талғар ауданы, Қызылқайрат ауылының маңындағы автожолда болған. 1990 жылы туған ер адам тас жолдағы көпірден секіруге бел буған. Оқиға орнына дереу Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары мен техникасы жөнелтілді.

"Құтқарушылар сағат 12:45-те оқиға орнына жеткенде ол жерде полиция қызметкерлері ер адамды сөзге тартып тұр екен. Келіссөздер оң нәтиже беріп, ер адам көпірдің тіреуішінен бері қарай өтті. Оған еш қауіп төнген жоқ", – деп хабарлады Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.