"AMANAT": "Челябі – Новосібір" жолының құрылысы 2024 жылы аяқталады

Петропавл қаласынан Қорған шекарасына дейінгі "Челябі – Новосібір" республикалық маңызы бар жол учаскесінің жөндеу жұмысы 2017 жылы басталған еді.

Жұмысына салғырт қараған мердігерлер мен ұзаққа созылған сот процесі салдарынан тоқтап қалған құрылыс биыл қайта жалғасын тапты.

Қазір бұл нысанда мердігерлік қызметті "ҚазСтройТехник" ЖШС жүзеге асыруда. Мамлюткадан "Жаңа жол" бекетіне дейін қайта жаңартылатын учаскенің жалпы ұзындығы – 56 шақырым. Жолды жөндеу жұмысына республикалық бюджеттен шамамен 10 млрд теңге бөлінді. Оның 3,5 млрд теңгесі 2023 жылға жоспарланған.

 

Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысында жолдарды жөндеу, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдарды қайта жаңарту бойынша мониторингті "AMANAT" партиясының мүшелері жүргізеді. 1 наурызда партия Төрағасы Ерлан Қошанов республикалық сайлауалды штабтың облысқа сапары барысында осындай тапсырма берген болатын. Мәселен, бүгінде өңірде партиялық бақылау комиссиялары жанынан 15 мониторинг тобы жұмыс істейді.

"Жөндеу жұмысы екі жылға жоспарланған. Ұйымдастырушы – "ҚазАвтоЖол" ҰҚ" АҚ. Бүгінде 14 шақырым жолға жабынның төменгі қабатын төсеу бойынша жұмыстар жүргізілді, тағы 16 шақырым жолға төселу керек. Бүгінде негізгі жолдың төсемі және айналма жолды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысанның жұмысы жоспар бойынша 2024 жылы аяқталуы тиіс. Біз жұмыстың уақытылы жүргізілуін қадағалайтын боламыз", – деді "AMANAT" партиясы Мамлют аудандық филиалының төрағасы Алтын Сағитова.

Партиялықтар "Челябі – Новосібір" тасжолынан басқа А-13 "Көкшетау – Омбы" жолын жөндеу жұмысы барысын, Ақмола облысының шекарасынан Саумалкөл ауылына дейінгі "Көкшетау – Рузаевка" Р-11 жолының орташа жөндеу жұмысын, сондай-ақ Мағжан Жұмабаев ауданында  "Челябі – Новосібір" М-51 тасжолының учаскесін бақылайды. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша республикалық маңызы бар автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы – 1 970 шақырым.