Ірі технологиялық компаниялар өндірістерін Қытайдан шығарып жатыр. HP компаниясы да басқа әлемдік компьютер өндірушілердің соңын ала өндірістің біраз бөлігін Таиланд пен Мексикаға көшіруге шешім қабылдады. Aikyn.kz бұл шешімнің компьютер нарығына әсерін Financial Times басылымына сілтеме жасап талдайды.
Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Primeimages
Қытайлық Lenovo компаниясынан кейін әлемдегі екінші саналатын ірі компьютер өндіруші HP компаниясы өзінің коммерциялық ноутбуктер өндірісінің бір бөлігін Мексикаға көшіруді жоспарлап отыр. Ал тұтынушылық ноутбуктер өндірісі Таиландқа ауысады. Financial Times басылымына мәлім болғандай, келесі жылы HP ноутбук өндірісінің тағы бір бөлігін Вьетнамға көшірмекші.
Жеткізілім тізбегін Dell және Apple компаниялары сияқты Қытайдан шығарып әртараптандыруды көздеген HP-дің миллиондаған компьютерлерінде бұдан кейін «Таиландта жиналған» немесе «Мексикада жиналған» деген таңба тұратын болады. Мына видеода HP ноутбуктері көрсетіледі.
Мамандардың айтуынша, биыл Қытайдан тыс аймақтарда шығарылған компьютерлер 2 миллионнан 5 миллионға дейін болуы мүмкін. Canalys зерттеу фирмасының мәліметі бойынша өткен жылы HP бүкіл әлем бойынша 55,2 миллион компьютер сатқан.
Таиландта қазірдің өзінде HP-дің релокациясын жеңілдететін бірқатар компьютерге құрама бөлшектер жасаушылар орналасқан. Ал Мексикадағы өндіріс компанияны Солтүстік Американың негізгі нарығына жақындатып, сатылым қызметін жақсартады. HP-дің ресми веб-сайтындағы мәлімдемеде Оңтүстік-Шығыс Азияда және басқа жерлердегі операцияларын кеңейтіп, Мексикада «қосымша ноутбук өндірісін қосады» делінген.
Жапондық Nikkei медиа корпорациясына берген түсініктемесінде HP «компанияның жаһандық жеткізу тізбегінде Қытай өте маңызды рөл атқаратыны және компания Чунциндегі өндірісіне үлкен мән беретінін» айтқан.
HP компаниясының жоспары бәсекелес Dell өз өнімдерінде «Made in China» деген таңбасы бар чиптерді болдырмау және Қытайда өндірілген электрондық компоненттерді қолдануды айтарлықтай азайтуға арналған серпінді науқанды бастағаннан кейін қабылданғанын Nikkei Asia хабарлаған.
HP компаниясынан бұрын әртараптандыру жоспарын іске қосқан Dell осы жылы Вьетнамда ноутбуктерінің кем дегенде 20%-ын жасаған. Dell 2024 жылдың соңына дейін өзінің компьютерлерінде «Made in China» чиптерін қолданбайтын болады. Apple биылдан бастап Вьетнамда MacBook компьютерлерін шығара бастады. Осылайша үлкен саясаттың ықпалымен оның ноутбуктері алғаш рет Қытайдан тыс жерде жиналатын болды.
HP компаниясының өндіріс орындарын өзгерту шешімі Вьетнам мен Таиландқа компьютерді жеткізу тізбегінің жалпы экожүйесін құруға көмектесіп, геосаяси күрделі жағдайды және батыстың «технологиялық шеттету» саясатын бастан кешіріп отырған Қытайдан басқа жерлер іздеуге мәжбүрлеуде. Сондықтан Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа елдері дербес компьютер жинауда тартымды өндіріс орындарына айналуда.
«HP компаниясының мақсаты өндірісті Қытайдан тыс жерге көшіру. Бірақ компания әлі қытайлық емес чиптер мен компоненттерге жаппай ауысуға міндеттеме алған жоқ», – деп мәлімдеген Financial Times басылымына осы мәселені жақсы білетін жеткізу тізбегінің басшылары.
Бұған дейін АҚШ-тағы ең ірі компьютер өндірушісі HP ондаған жылдар бойы Қытайдың электроника өндірісін белсенді түрде қолдап келеді. Бұның ең жақсы мысалы – Қытайдың ішкі қаласы Чунцин, HP қаланы 2008 жылы ноутбуктерді шығаратын орталық ретінде дамыта бастады. Acer және Asus HP компаниясының ізін басып, жеткізушілерден өндірісті Янцзы өзенінің жағасындағы қалаға көшіруді сұрады. Бұл қала қазір Quanta Computer және Inventec бастап Foxconn-ға дейін көптеген HP жеткізушілерінің зауыттары орналасқан өндіріс кешеніне айналған.
Бүгінгі таңда Чунцин – Қытайдың компьютер экспортында жетекші орынға ие қала. Canalys мәліметтері бойынша, АҚШ HP және Dell үшін ең үлкен жеке компьютер нарығы болып саналады. Екі компанияның үлесіне осы жылдың бірінші тоқсанында шамамен 31% және 40% жеткен. Ал Қытай нарығы осы кезеңде HP үшін 7,5% және Dell үшін 8% ғана болған.
«Жеткізу тізбегін әртараптандырудың негізгі мақсаты – АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленістерге байланысты тәуекел факторларын азайту және Вьетнам мен басқа Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі жаңа өндірістік орталықтардың артықшылығын пайдалану», – дейді Canalys сарапшысы Кирен Джессоп.
Джессоптың айтуынша, жеткізу тізбегін әртараптандыру АҚШ-тың компьютер өндірушілерінің Қытайдың ішкі тұтыну нарығындағы нарық үлесіне тікелей әсер етуі екіталай. Дегенмен, Қытайдың мемлекеттік немесе қоғамдық білім беру секторларына әсері болуы мүмкін. Өйткені, бұл секторларда HP және Dell компьютерлерінің үлесі жоғары.
HP компаниясының өндірісті ауыстыру жоспары биылғы жылдың соңына қарай аяқталмақшы. Бұл АҚШ-тың жетекші компьютер өндірушісінің дербес компьютерлерді Қытайдан тыс жерде жинауға ниетінің беріктігін көрсетеді. Бүгінгі технологиялық дәуірде бір елден екінші бір елге өндірісті ауыстыру 7-8 айды қажет ететіні таңғажайып құбылыс болып көрінуі мүмкін. Дегенмен нарықтың заңдылығы осындай жылдамдықты талап етуде. Бұл қалыпты жағдайға айналуда.
Зауыт салу, оған жабдықтар орнату, мамандар әзірлеу, логистикалық тізбектерді қайта құру осындай жылдамдықпен жүреді. Неге HP Мексика мен Таиландты, Вьетнамды таңдады, неге Қазақстанды таңдамады? Бұның екі себебі бар, екеуі де экономикалық қисынды себептер.
Бірінші себеп, Мексика мен Таиландта, Вьетнамда орташа жалақы төмен. Мексикада орташа жалақы 620 АҚШ доллар. 2023 жылдың мәліметтері бойынша Таиландта орташа жалақы 400 АҚШ доллар, Вьетнамда 240 АҚШ долларын құраған. Екінші себеп, аталған үш елдің үшеуі де әлемдік мұхитпен шектеседі, ал тауарларды теңізбен тасымалдау ең арзан.
Міне, бұл үш елдің де Қазақ елімен салыстырғанда инвесторлар үшін тартымдылығы осында. Қазақстанда орташа жалақы 2023 жылдың ресми мәліметтері бойынша 340 636 теңгені құраған, яғни, 767 АҚШ доллары. Үш елмен салыстырғанда жоғары. Және біздің ел географиялық орналасуы бойынша мұхиттарға шыға алмайды. Бірақ Қазақстанның Мексика мен Таиландпен, Вьетнаммен салыстырғанда мол артықшылықтары бар. Олар туралы біздің елдің экономистері жақсы біледі, тек оны іске асыруда Үкіметтің аса ілкімді саясаты қажет.