ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ғалиасқар Сарыбаев пен Амангелді Толамисов Жетісу облысында болды және облыстың бірқатар коммуналдық кәсіпорындарын аралады.
Сенаторлар Текелі қаласындағы инженерлік су құбырын салу барысымен, Қаратал ауданында тазарту бөгеттері кәсіпорнының жұмысымен танысты және Талдықорған қаласындағы «Басқуат» қазандығының жылыту маусымына дайындығына куә болды.
Депутаттар кездесу барысында халықты коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету және жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын сапалы және уақтылы орындау мәселесі жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында болуы тиіс екенін атап өтті.
Парламентшілер Жетісу облыстық құқық қорғау органдарының өкілдерімен де кездесті. Жүздесуге қатысушылар қоғамдық тәртіпті сақтау, тергеу амалдарын электрондық түрде жүргізу, органдар қызметкерлерін материалдық-техникалық жабдықтау және әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серік Өтешов Қарағанды облысының Осакаров ауданында болды. Сенатор ауыл еңбеккерлерімен, жергілікті қоғам белсенділерімен, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелерімен, ардагерлер кеңесінің ақсақалдарымен кездесті. Кездесуге қатысушылар ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға, маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысты бірқатар өзекті мәселелерді талқылады. Депутат «Сарыбел Нан» ЖШС ауыл шаруашылығы кәсіпорнында болған кезде жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мен ауыл тұрғындарының өмірін жақсартудың маңызына тоқталды.
«Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы еліміздің дамуының басты драйверінің бірі екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Біз ол туралы әр сессияда, әрбір парламенттік тыңдау кезінде айтып келеміз. Қазіргі уақытта мемлекетіміз ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау жөнінде нақты шаралар қабылдады. Дегенмен, қолға алатын көптеген мәселе әлі де бар. Менің ойымша, оларды бірлесе шешу аса маңызды екені даусыз. Менің сапарымның басты мақсаты – Сенат депутаттары заңнамалық деңгейде қандай көмек бере алатынын білу, мемлекеттік бағдарламаларды орындауда қандай жағдай орын алып жатқанын көру», – деп атап өтті Серік Өтешов.
Сенатор балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» орталығында және «Жас инженер» студиясында болды. Депутат сапар барысында жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, мектепте тамақтандыру, сондай-ақ балаларды білім беру мекемелеріне тасымалдау мәселелерін де талқылады.
Серік Өтешов Теміртау қалалық мәслихатының депутаттарымен және қоғамдық кеңестің мүшелерімен кездесті. Сенатор парламентшілердің қызметі облыстық және аудандық мәслихаттардағы әріптестерімен тығыз қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатынын атап өтті. Сенатта құрылған «Өңір» депутаттық тобы Қазақстан өңірлерін дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеумен айналысатыны туралы жан-жақты ақпарат айтылды.