ЕҰУ ғалымы Нұрзада Амангелді 5 жылдан бері зерттеу жүргізуде. Ғылыми жоба жасанды интеллектке негізделген және сөйлеу мен есту қабілеті бұзылған адамдарға бағытталған. Жүйе қазақша ымдау тіліне бейімделген және бұл – оның басты бірегейлігі. Жүйені әзірлеу барысында Нұрзада Амангелді бір ымның бірнеше нұсқасын дайындаған. Ғалым оларды көрсетілу күрделілігі бойынша топтарға бөліп, әрқайсысы үшін жасанды нейронды желі моделін әзірлеген.
«Жүйе болашақта ым әліпбиін, ым тілін білетін сурдоаудармашыларды дайындай алады. Мұндай мамандар түрлі мемлекеттік ұйымдарға қажетті. Бүгінгі таңда біз мобильді қосымша жасауға кірістік. Оның көмегімен ым тілімен өзара сөйлесуге болады. Сөйлеуді мәтінге, мәтінді ымға және керісінше түрлендіретін жүйе құрылады. Осы жобамның арқасында ерекше қажеттіліктері бар адамдардың мектепте ыңғайлы оқуы, медициналық және мемлекеттік мекемелерде қызмет алуы және еркін сөйлесуі мен үшін өте маңызды», – деп түсіндірді ғалым.
Зерттеу нәтижесі бойынша Нұрзада Амангелді авторлық куәлікке ие болды және әлемдік рейтингі жоғары журналдарда 3 мақала жариялады. Былтыр ғалым ЕҰУ-дің JANA ASU ішкі гранттық қаржыландыруын иеленген екен.
«Қазақстандық саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің вице-президентімен кездесу барысында олардың балаларды оқытуға қатысты мәселелерін білдім. Қазақша және басқа тілдер бойынша ымдау тілін үйретуге арналған зияткерлік тренажер Қазақстанның саңырау қоғамындағы есту қабілеті бұзылған балаларға үлкен көмек көрсете алатын қажеттілік болып табылады. Мұндай оқыту жүйесі балаларға ымдау тілін үйренуге және қоршаған ортада қарым-қатынас жасауды үйренуге мүмкіндік беретін тиімді қарым-қатынас құралдарымен қамтамасыз ете алады. АҚШ пен Қазақстанның ғалымдар тобы біздің елдегі есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдар үшін білім беру және оған қолжетімділік саласында бірқатар зерттеулерді бастады. Біздің бірлескен жұмысымыз елімізде ғана емес, Орталық Азияда пайдалы болатын үлкен ғылыми жобаға айналады деп сенеміз», – деді ЕҰУ ғалымы.
Нұрзада өзінің ғылыми әзірлемесін коммерцияландыруды қолға алмақ. Ол ҚР Ғылым қорының байқауына қатысу үшін өтінім жолдады.