Себебі марқұм жерленген зәулім зираттарды көргенде құлағалы тұрған тар қапаста тұрып жатқан мұқтаж отбасылардың жай-күйі еріксіз еске түседі.
Жалпы, мазарды көмкеріп, әспеттеу қаншалықты дұрыс? Марқұм тірілер салған күмбезді зиратқа зәру ме? Жаназа, садақа кезіндегі аста-төк дастарқанды шариғатымыз қолдай ма? Осы сұрақтарды зиялы қауым өкілдері мен сала мамандары талқысына салып көрдік.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – еліміздегі ислам дінінің қара шаңырағы ғана емес, тәрбие ошағы, қоғамды ізгілікке үндейтін үлкен бір идеологиялық механизм десек те болады. Қоғамдағы көп мәселеге үн қосып келе жатқан мүфтият садақа, жаназа, зират тақырыбына келгенде де біраз бастаманы қолға алды. Осыдан біраз уақыт бұрын мүфтият баспасында жарық көрген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабы, республикалық имамдар форумында қабылданған «Зират және зиярат мәдениеті» құжаты қоғамды ысырапшылдықтан арылуға шақырған еңбек болды. Жақында мүфтият жанынан Салттық қызмет көрсету орталығы жұмысын бастады. Ондағы мақсат – жаназа және жерлеу рәсімдері кезіндегі ысырапшылдықты болдырмау және марқұм жерленген зиратты, тұрғызылған құлпытасты мейлінше қарапайым етуге үндеу.
Атырауда имам-молдалар мен зиялылар бірігіп, жаназа және жерлеу рәсімдеріне байланысты үндеу де жариялады. Садақа кезіндегі ас мәзірін бекітті.
Үндеуге сәйкес, ең алдымен, садақа дастарқаны барынша қарапайым болғаны абзал. Бұл – ысырапшылдықтың алдын алудың жолы. Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының айтуынша, қазақ «өлім бардың малын шашады, жоқтың етегін ашады» деп артық шығынды сынаған, еңбекпен тапқан жиған-тергенді тек игілікті іске жаратуды қолдаған.
«Ыбырай Алтынсарин, Әубәкір Диваев, Құбанғали Халид және өзге де зиялы қауым өкілдері қазақ халқының садақа дастарқанында ет, бауырсақ, қымызбен қатар ұлттық тағамдардың ғана болғанын жазған. Сондықтан осы ұстанымды ел арасында жүзеге асыруды қолдаймыз. Атырау облысының мұсылман тұрғындарын және асхана мен мейрамхана басшыларын садақа асын өткізу барысында ысырапшылықты сақтауға шақырамыз. Екіншіден, жаназадан бір күн алдын қонақасы берілетін болса, яғни күзетке көңіл айту үшін келген жекжат-жұрағатқа қонақасы дастарқанын арнайы мейрамханада өткізбей-ақ, үйде және ас-тағамсыз өткізуді ұсынамыз. Үшіншіден, садақа асын сөз жарысқа айналдырмау. Садақада бәсең дауыспен сөйлеп, микрофон ұсынғанда адамның атақ-абыройына тоқталмаған жөн. Көңіл айтушы адам артында қалған отбасы мүшелеріне жұбату сөзін айтумен шектелсе дейміз. Садақаға қатысушылардың бәрі сөйлеуі дұрыс емес. Бірнеше адамның көңіл білдіруі жеткілікті», – дейді Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының айтуынша, ислам діні ысырапты құптамайды. Сондықтан зираттарды бірізділікке түсіру маңызды.
«Қабірлер барынша қарапайым болғаны дұрыс. Шариғат заңдары зираттарды сәндеуді, үлкен ескерткіштер орнатуды талап етпейді. Керісінше, мұсылман зираты барынша қарапайым болғаны жөн. Бұл – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымы. Қабірдің тереңдігін орташа ету, адам бойымен қазу – сүннет. Қабірді мәйіттің оң жағы Құбылаға қарайтындай етіп қазу керек. Және марқұм жерленгенге дейін астына төселген топырақты қабірге көмбеген дұрыс.
Құлпытастардан бөлек зират басына үлкен ескерткіштер, сәнді қоршаулар, мүсін кеуделер тұрғызу марқұмға ешқандай пайда бермейді. Өлілер үшін пайда келтірмейтін істі «тірілер көрсін немесе естісін» деген ниетпен жасау Алланың разылығынан алыстатады. Зират қоршалған жағдайда әрбір қабірге жеке-жеке қоршау жасаудың қажеті жоқ», – деді бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Бас имамның пікірінше, қабір көтеруге кететін шығынды тірілерге жұмсау әлдеқайда сауапты.
«Ескерткіштерге кететін қаражатты жетім-жесірге көмектесу, көрші-қолаң, ағайын-туысқа қарайласу, білім ошақтарын тұрғызу, пайдалы кітаптар мен оқулықтар шығару сынды игі істерге жұмсап, сауабын қайтыс болған кісілерге бағыштау шариғат бойынша құптарлық игі іске жатады», – деді Алтынбек Ұтысханұлы.
Атырау облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетов, әсіресе Атырау өңірінде садақа мен тойда астамшылық өршіп тұрғанын айтады.
«Шыны керек, қазір той мен садақа дастарқанын ажырата алмайтын деңгейге жеттік. Той да, садақа да мейрамханада өтеді. Қуанышты да, қайғыны да аста-төк дастарқанмен атқарып жатқан жайымыз бар. Өз басым дін қызметкерлерінің ысырапшылдықтан арылуға шақырған бастамаларын қолдаймын. Ендігі жерде жан-жақты насихат күшті болуы керек. Жаназа кезінде дастархан мәзірін қарапайым етіп жаюға халқымыз дайын ба? «Ұят болады», «көршілер күледі» деген сияқты етектен тартатын психология салдарынан кредитке кіріп, қарызға батудан қарапайым азаматтарды қалай қорғай аламыз? Мәселе осында. Сондықтан мұндай насихат жұмыстарына дін қызметкерлерімен бірге қоғам белсенділері де атсалысуы тиіс», – дейді ақсақал Серік Мұхамбетов.
Қалай десек те, тірлік бар жерде өлім бар. Бірақ тірілердің өліге құрметі жарысқа түскен дастарқан, көк тіреген күмбезбен емес, сауапқа бастайтын ізгі амалдармен өлшенуі керек-ақ.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА