28 шілде күні сағат 21.00 шамасында «Қостанай-Сарыкөл» автожолында, Октябрь ауылынан 15 шақырым жерде жол апаты болды, – деп хабарлады Polisia.kz.
«ВАЗ-21099 автокөлігінің 22 жастағы жүргізушісі рульге ие бола алмай қалған. Ол жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Toyota Alphard көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Онда үш жолаушы болған, арасында жүкті әйел бар.
Апат салдарынан ВАЗ жүргізушісі мен Toyota жүргізушісі алған жарақаттарынан көз жұмды. Үш жолаушы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – делінген полиция мәліметінде.