Ташкенттегі жаңа ғимараттардың бірінде лифтінің ішінен әйелдің денесі табылды, - деп хабарлады ҚазАқпарат.
Іздестіру жұмыстарын жүргізетін Uzalert волонтерлер тобы өздерінің ақпарат арнасында әйелдің жоғалғаны туралы 26 шілдеде хабарлады. Белгілі болғандай, пошташы болып жұмыс істеген 32 жастағы әйел жұмыстан кейін үйіне оралмаған. 26 шілдеде оған іздеу салынды.
28 шілдеде Uzalert жоғалған әйел қаладағы жаңа ғимараттардың бірінде лифт ішінде өлі күйінде табылғанын мәлімдеді.
«Ольганың жаңа ғимараттағы лифтіге кіріп бара жатқаны бейнекамераға түсіп қалған. Белгілі болғандай, лифт ең соңғы қабатта істен шыққан. Үйде тұрғындар аз болғандықтан, лифтінің тұрып қалғанын ешкім елемеген», – деді еріктілер.
Тексеру барысында үй тұрғындары лифт бірнеше күн бойы ақаулы күйде болғанын және мұндай жағдай бұған дейін жиі болғанын түсіндірді.
«Алдын ала медициналық қорытындыға сәйкес, әйел өліміне жүректің ишемиялық ауруы, жедел жүрек-тамыр және тыныс алу қызметінің жеткіліксіздігі себеп болды», - деп хабарлады елдің Бас прокуратурасынан.