Түркиялық «Бешікташ» футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Бақтиер Зайнутдиновке әлі де қызығушылық танытып отыр, – деп хабарлайды Prosports.kz.
Спорт журналисі Серкан Дикме Зайнутдиновтің мәскеулік ЦСКА-дан Түркияның «Бешікташ» командасына ауысуы туралы жаңа ақпаратты бөлісті.
«Бақтиер Зайнутдинов пен Окереке тақырыбы біраз созылып кетті. Зайнутдиновке келер болсақ, ЦСКА-ның экономикалық тұрғыда еркін болуы және ойыншыдан бас тартпауы бұл процесті бәсеңдетті», – деді түркиялық журналист.
Бұған дейін ЦСКА-ның ойыншы құнына қатысты ұстанымына байланысты «Бешікташ» Зайнутдинов бойынша келіссөзден бас тартуға шешім қабылдағаны туралы ақпарат шыққан. «Бешікташ» ЦСКА-ға Зайнутдиновтің трансфері үшін үш миллион және бонус ретінде тағы үш миллион еуро ұсынған еді. Ал мәскеулік клуб болса бірден алты миллион еуро талап етіп отыр.