Жетісу облыстық білім басқармасы дене тәрбиесі, алғашқы әскери дайындық және қосымша білім беру ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Айбол Қасеновтың айтуынша, биыл облыста балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында нақты жоспар құрылып, соған сай жұмыстар жүргізілуде.
«Облыс бойынша 8 лагерь 2 маусымнан бастап балаларды демалысқа қабылдап, жеткіншектердің әрбір күнін мәнді әрі сәнді өтуі жолында жұмыс жүргізуде. Жалпыға міндетті оқу қоры жеткіншектерді жазғы сауықтыру лагерімен қамтуды басты назарда ұстап отыр. Демалыспен қамтылуға тиіс 13 838 баланың 7961-і маусым айы мен шілде айының 24-і аралығында лагерьлерге барды. Тамыз айының соңына дейін тағы 5832 баланы тынықтыруды жоспарлап қойдық. Облысымыздағы қосымша білім беру мекемелері: Оқушылар сарайы, Балалар шығармашылық орталықтары, Өнер мектептері, Балалар мен жасөспірімдердің туризм және өлкетану орталығы сынды мекемелерде балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында ақысыз күндізгі «Балдәурен» лагерьлері құрылып, жұмыс істеуде. Онда төрт ауысымда 6 жастан 12 жасқа дейінгі 3 мыңнан аса бала демалды», – дейді Айбол Батырболұлы.
Жазғы демалыстарын көңілді өткізіп жатқан жетісулық жеткіншектер «Туған жер» бағдарламасы аясында Текелідегі тарихи маңызы бар археологиялық ескерткіштерге, петроглифтерге, Қонаев қаласының маңында орналасқан Көшпенділер қалашығына, Есік көлі, Түрген шатқалы, Көлсай және Қайыңды көлдеріне, «Алтынемел» ұлттық саябағына саяхаттаған.
Жетісуда балалардың жазғы демалысын қызықты әрі пайдалы өткізуі үшін 2024-2026 жылдар аралығында 4 балалар сауықтыру орталығын салу жоспарланыпты.
Болат Абаған,
Жетісу облысы