Еңбек құқығы мен жұмыс кестесі сақталмайтынын айтып, әлеуметтік желіде шағымданған педагог-психолог Айнұр Бораншина құрсағындағы сәбиінен айырылып қалғанын айтады.
«Мен мемлекеттік қызметкермін. Өз жұмысына 100% берілген мемлекеттік қызметкермін. Менің мемлекетім жүзеге асырылмайтын заңдарды неге шығаратынын білгім келеді. Қызметкерлерге сағат 18:30-дан кейін жұмыс жасатуға тыйым салынады деп әлеуметтік желілер жар салды, заң қабылданды. Алайда, вацап желісінде тапсырма түсуі тоқтамайды, 18:30-ың не, түнгі сағат 11-лерде де басшылар тапсырма түсіреді де жатады», – деді Бораншина.
Ол жұма күні ЖМББҚ жазғы лагерьге баратын балалардың мәліметін жинап, түнгі сағат 02:00-ге дейін жұмыста отырғанын айтады.
«Облыстық білім басқармасынан арнайы үлгі не шаблон берілмеді, әріптесімізбен түс ауғанша аудан бойынша 1469 баланың мәліметін жинап өткіздік. Ол ақпаратымызға білім басқармасынан қанағат болмай, баланың ЖСН, ата-анасы туралы мәлімет, телефон номерін қостырып, кеш түскенде сол тапсырманы қайта жасатты. Түнгі сағат 02:00-ге дейін жұмыс жасатты. Не бізге маза жоқ, не мектеп қызметкерлерінде маза болмады. Ертеңгі күні ауырып ауруханаға түстім. Зорығу және стресс. Құрсағымдағы сәбиге әсер еткен. Жүрегі тоқтап қалды. Сәбиімнен айырылып қалдым», – дейді қан жұтқан ана.
Ол демалыс көрмей жұмыс істегенін айтады.
«Мен жұмыс режимін көрмеген мемлекеттік қызметкермін. Мен сенбі/жексенбінің демалысын білмейтін мемлекеттік қызметкермін. Маған ҚР Еңбек кодексінің баптарының қатысы жоқ мемлекеттік қызметкермін. Неге біздің елде заңнамада көрсетілген жұмыс уақытының регламенті сақталмайды? Қазір операцияға кіргізеді. Құрсағымдағы өлген сәбиімді кесіп алады», – деді ол.
Бораншина мемлекеттік қызметкерлерге сыйлы қарым-қатынас талап етіп отыр.
«Әр қызметкердің жұмыс уақыты регламенті сақталсын, жүктемесі қайта қарастырылсын, жетпейтін штаттардың орны толтырылсын, бізге бөлініп беріліп отыр олардың жұмысы, қызметкерлерге құлдықтағы жан емес, қызмет көрсетуші ретінде сыйлы қарым-қатынас жасалуын, жұмыс уақыты аяқталған соң жұмыс жүктелмеуін талап етемін. Бізді қанағанды тоқтатыңыздар, басшылар. Отпусксіз, сенбі-жексенбісіз, күндіз-түні жұмыс жасаудамыз, физиологиялық та, психологиялық та тұрғыда қажыдық! Ағзамыз әлсіреді! Баламыз өлді», – деп жазды ол.
Жазбаның астына жазылған пікір қалдырушылар оны қолдап, білім саласы қызметкерлерінің жанайқайын жеткізген.