Жетісу облысында соңғы кездері жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша сәл де болса ілгерілеу бар. Осы жетістікке Эльмира жұмыс істейтін кәсіпорын да шама-шарқынша үлес қосып отыр.
Эльмира 2004 жылы Семей қаласындағы мамандандырылған мектепті бітірген. Содан бері жеңіл өнеркәсіпте тігінші болып еңбек етіп келеді. Талдықорғандағы оқу-өндірістік кәсіпорында жұмыста жүргеніне 12 жылдан асыпты. Әріптестерінің айтуынша, өз ісіне мығым, жауапкершілігі аса жоғары, тапсырыстарды тап-тұйнақтай орындайтын мықты маманның қызметіне сұраныс аса жоғары. Тапсырылған міндетті уақытында әрі сапалы орындайды. Киім пішушінің озық әрі күрделі үлгілерін орындауда тігістің небір қиын түрлерін жүзеге асырады. Үшінші топтағы мүгедек екендігіне қарамастан, «Тігін бұйымдарын тігу мен өңдеудің негізгі технологиялары» курсын да ойдағыдай тәмамдап, шеберлігін шыңдай түскен.
Жұмыстағы әріптестері де бірінен-бірі өткен ісмер. Мекемеде он тігінші жұмыс істейді. Шеберлердің қолынан жаздық, қыстық киімдер, арнайы киімдер, матрастар мен көрпелер, жастықтардың түр-түрі шығады. Тек тапсырыс үзілмесін деңіз. Ал сапа мен тапсырыстың орындалуында ешқандай кемшілік пен кешігу болмайды. Ұжымның бірлігі мықты. Қандай мәселе болмасын, өзара күш біріктіре отырып шешеді. Шыдамдылық пен ұқыптылықты, тұрақтылықты қажет ететін мамандық иелерінің міндетке адалдығы, ыждағаттылығы қайран қалдырады. Азды-көпті бос уақыттарында да қолдарынан ине мен жіп түспейді.
Эльмираның арманы асқақ. Алдағы кезде өзінің шағын ғана сәнді киімдер дүкенін ашсам деген үлкен мақсаты бар. Өкінішке қарай, үш ұлының үшеуінде де аналары сияқты есту жағынан мүгедектік анықталған. Үлкен ұлы Абай такси жүргізеді, ортаншысы – Әлібек техникалық қызмет көрсету орнында жұмыс істейді. Кенжесі – Алан қаладағы колледждердің бірінде электр мамандығын оқып жатыр.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы