Алматыда халықаралық шаңғы кешенін салып, он жылдан аса тиісті ақысын ала алмай жүргендер тағы шу шығарды.
Айтуларынша, қала әкімдігі оларға 4 миллиардқа жуық теңге берешек. Шенеуніктермен соттасып та көрген. Бірақ шешім жергілікті биліктің пайдасына шығыпты. Мұнымен келіспеген кәсіпкерлер ақша талап етіп, бүгін де әкімдік алдына жиналды.
Алматы төріндегі "Сұңқар" шаңғы трамплиндерінің кешені. Нысан 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарына арналып салынған. Жалпы аумағы 15 мың шаршы метрден асады. Талай кәсіби мамандар құрылысы қанттай деп оң бағалап кеткен. Алайда нысанның алғашқы кірпішін қалап, бастан-аяқ соққан жұмысшылар бақандай 13 жыл өтсе де, әлі күнге дейін тиісті ақшасын ала алмай сенделіп жүр.
Шыдамы таусылған құрылысшылар бұл жолы да плакат ұстап шықты. Былықтың бәрін ұйымдастырған екі адам деп санайды олар. Бірі – кезінде қала әкімінің орынбасары болған Сұлтанбек Мәкежанов. Қазір ол депутат. Ол қаражатты 2016 жылға дейін төлейміз деп сендіріп, ақыр аяғында жоқ болды дейді наразы топ. Ала алмай жүрген қыруар қаражатқа қатысты былтыр сот та болған. Сот шешімі кәсіпкерлердің пайдасына шешілмеген.
“Қысқаша түсіндіріп айтайын, біз алмаған 3 миллиард 854 миллионды "алып қойыппыз". Сотта оны бір оқыды. Одан басқа, екі қымбат ретракті өз ақшамызға алынған. Біздің құжатты көре тұра, біле тұра, оны сот мақұл деп айтпай, ең арзан ретрактінің бүкіл құжатын тікті де, қымбат, бір миллионнан аса доллардың техзникасын "біз сатып алдық" деп, өтірік айтып сотты жеңіп алды”, – деді құрылыс компаниясы басшысының орынбасары Әбдіразақ Байболатов.
Негізі бұл бірінші наразылық емес. 13 жылдың ішінде маңдай терін даулап Алматының талай әкіміне кірген. Бірақ нәтиже болмапты. Ал трамплиннің құрылысын аяқтаған кезде әкімдік бермеген ақшаны "қалтамыздан шығардық" деп жыларман болып отыр. Жетпегенін банкке мүліктерін қойып несие алған. Сол 30 кәсіпкердің кейбірі тіпті кепілге қойған мүлкінен айырылыпты.
“2007 жылдан бастап, 2017 жылға дейін жанармай тасыдым. Әкімдік 43 миллион теңгені әлі бермеді. Енді Қаңтар оқиғасы кезінде бізге қатысты құжаттың бәрі өртеніп кетті дейді. Сылтаулары бітетін түрі жоқ”, – дейді кәсіпкер Александр Веденко.
Ал шенеуніктер өзіне шаң жуытқан жоқ. Айтуларынша, қағаз жүзінде ешкімге қарыз емес.
“Әкімшілік пен мердігер компанияның арасында барлық құжат, актілер жабылған. Әкімшілік ешқандай қаражат қарыз емес, мердігер мекемеге. Біз, әкімдік, істелінген жұмыс актісін жабамыз ғой. Қазір ол актілер жоқ”, – деді Алматы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Айдар Нұрғожаев.
Шенеуніктер шағым айтып келгендерге "тағы сотқа жүгініңдер" деп қана кеңес берді. Ал миллиардтарын мұңдап әбден шаршаған шағын кәсіп иелері наразылықты қайтсе де тоқтатпауға бекінген. Енді прокуратура мен антикордың алдына жиналып "шу шығарамыз" деп отыр.