Қаланың санитарлық жағдайын жақсарту және түрлі қоқыс үйінділерінің пайда болуын болдырмау мақсатында полиция департаменті бірыңғай анықтамалық қызметпен бірлесіп, абаттандыру ережелерін бұзу фактілерін анықтау бойынша жұмыс жүргізді, – деп хабарлады Polisia.kz.
Жеті ай ішінде 1 721 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 134 құрылыс компаниясы мен 89 қызмет көрсететін ұйым бар. Айыппұлдардың жалпы сомасы 19 млн теңгеден асады.
– Бұдан басқа белгіленбеген жерлерге қоқысты тастап кететін адамдарды анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері 240 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 6 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Сондай-ақ 33 жүргізуші топырақ, қоқыс, сусымалы құрылыс және басқа да материалдарды жабынсыз тасымалдағаны үшін жауапқа тартылды, – делінген полиция хабарламасында.
Рейдтік іс-шаралар барысында тәртіп сақшылары қала аумағына құрылыс қоқыстарын тастаған 39 жастағы КамАЗ жүргізушісін анықтады. Ер адамға 30 АЕК (103 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.