Қарағанды облысындағы балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалардың жаппай уланғаны анықталды. Салдарынан бір бала қайтыс болды, тағы 6 бала жансақтау бөлімінде жатыр.
30 шілде күні Орталықта екі баланың жағдайы нашарлап, құсып, іші өткен. 31 шілдеде аталған мекемедегі тағы 10 бала ұқсас белгілермен ауруханаға жатқызылды.
«Дәрігерлер жедел шаралар қолданғанына қарамастан балалардың бірі қайтыс болды. Бүгінгі таңда алты бала реанимацияда. Қалғандары дәрігерлердің бақылауында», – деп мәлімдеді Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ауруханаға арнайы барып, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен және емдеуші дәрігерлермен жедел кеңес өткізді.
Қазір аталған жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалып, Қарағанды облысының арнайы прокурорлар басқармасына берілді.
Ермағанбет Бөлекпаев тергеу нәтижесінде жауапты тұлғалар анықталып, қатаң жазаланатынын айтты. Ал Орталық директорының міндетін атқарушы қызметінен шеттетілді.