Бұдан біраз уақыт бұрын «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалына Тілек Нұртілеуов есімді азамат келіп, Бекі ауылындағы мектеп тапшылығы мәселесін көтерген еді.
Аталған мәселе партияның араласуымен оң шешім тауып, NCOC компаниясының қаржыландыруымен мамырда мектеп құрылысы басталды. Бұл жұмыс жыл соңына дейін аяқталады.
«Ауыл тұрғындардың басым көпшілігі – шаруалар. Балаларымыз үйден жырақ кетіп, мектеп-интернатта жатып оқуға мәжбүр еді. Енді өз ауылымызда да мектеп пайда болады. Құрылыс жұмысы жыл соңына дейін аяқталатынына бек қуаныштымыз. Ауыл тұрғындарына айрықша көңіл бөліп отырған «АMANAT» партиясына алғысымыз шексіз», – деді Бекі ауылының тұрғыны Тілек Нұртілеуов.
Бұдан бөлек, тұрғындар су құбыры да, су таситын арнайы көлік те жоқ екенін айтқан еді. Бұл мәселе де оң шешім тауып, ауылға су таситын 12 тонналық көлік алынды. Қазір ауыл тұрғындары толық сумен қамтылып отыр.
Айта кетейік, партияның облыстық сайлауалды бағдарламасына сәйкес, 2023-2027 жылдар аралығында үш ауысымды және оқушы орындарының тапшылығын жою үшін 22,9 мың орындық 24 жаңа мектеп құрылысына қолдау көрсетіледі.