Қамал алар жасқа жеткен полицей

Сәрсенбай Бимендиев – ішкі істер қызметінің аға лейтенаты. Сәкең – он сегіз жылдан аса өмірін ел тынштығын қорғауға аранаған жан. Бүгінде қырықтың қырқасына жеткен поилцей ұл-қызының тіреуіші.

Шымкенте ерлі-зайыпты Сәрсенбай Бимендиев пен Майра Шекерова ішкі істер саласындағы ілкімді істердің атқарылуына үлес қосып жүрген жарасымды жұптың бірі. Өмірде де, қызметте де қол ұстасып бірге келе жатқан ерлі-зайыпты полицейлер өз жұмыстарының қиындықтары мен қызықтары жайында айтып берді. 

Отан алдындағы әскери борышын өтеген Сәрсенбай Бимендиев заңгерлік мамандықты игеріп шыққаннан кейін, 2005 жылы ІІО еңбек жолын бастайды. 2013 жылы ОҚО Ордабасы аудандық патрульдік  полиция қызметіне ауысады. 2015 жылдан бастап ОҚО мамандандырылған күзет қызметінде қызмет атқарады. Ал, 2017 жылдан бастап шымкент ҚПД ЖПҚБ ППП қызмет инспекторы болып ауысады.  

– Ішкі істер саласында еңбек ету үшін қырағылық қажет-ақ. Осы салаға бет бұрған сәттен бастап, мойныма үлкен жауапкершілік жүгінің артылғанын сезіндім. Қалтқысыз қызмет етуге бар жастық жалыным мен күш-жігерімді жұмсап келе жатырмын. Қызмет барысында тәжірибе жинақтай келе Шымкент қалалық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы Патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы ретінде жұмысымды жүйелі түрде жалғастырдым. Кәсіби білікті маман болуы үшін әлбетте өзіңнің біліміңді одан әрі шыңдау қажеттігін ескеріп, әрдайым іздену үстіндемін. Бүгінде осы ішкі істер саласында жемісті еңбек етіп келе жатқаныма он сегіз жылға жуықтады, – дейді полиция аға лейтенанты Сәрсенбай Ибрагимұлы.

Кейіпкеріміз Сәрсенбай бір мекемеде үздіксіз еңбек ете жүріп, 2013 жылы полиция сержанты, 2015 жылы полиция лейтенанты, 2017 жылы полиция аға лейтенанты сынды қызметтік сатылардан өтіп, мол тәжірибе жинақтай түсуде. Ең бірінші кезекте қызмет барысында кездескен әрбір адамның жанын ұғуға тырысатын маман иесінен Патрульдік полиция полкінде алар тәлімі мол десек артық айтқандық емес. 

Патрульдік полиция қызметкерлері – өзгелер үшін өз өмірін қатерге тігетін, тек батыл жандарға тән қызмет иелері. Дегенмен бұл сала қызметкерлерінің өмірінде отан алдындағы борышы және халыққа қызмет етуімен қатар, жеке қызығушылықтары да жетерлік.

– Мектеп қабырғасында өте белсенді болдым, футбол, воллейбол, қазақша күрес сынды спорт түрлерінен жарыстаға белсенді түрде қатысатынмын. Құқық қорғау саласының қызметкерлері жинақы, темірдей тәртіппен жүргенді армандадым. Мен ағамның жолын қудым. Құдай сәтін салып, қолымнан келді, қызметке орналастым. Біздің жұмысымызда жауапкершілік жүгі өте ауыр. Шымкентте қызмет ететіндіктен, көп жағдайда түрлі аймақтарға қосымша күш ретінде жұмылдырады. Тұтқындалған кісілермен сөзге келіп қалатын кездеріміз болады, оларға біздің де қарапайым адам екендігімізді түсіндіреміз. Алайда, барлығы бірдей түсіністік таныта қоймайды. Кей адамдар форма киген қызметкерлердің бәрі өз қызметтерін асыра сілтеп пайдаланады деп есептейді де, жанжал шығара бастайды. Біз бекітілген тәртіп бойынша жұмыс жасаймыз. Алкогольді ішімдікке сылқия тойып, шу көтеріп жатқан азаматтарға, оларды тиісті жерге апаруымыз керектігін айтамыз, дегенмен онымызды көбінесе түсіне бермейді, – деді Сәрсенбай Бимендиев.

Ал Сәрсенбай Ибгаримұлының жары Майра Батырқызы болса, еңбек жолын 2015 жылы Шымкент қалалық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы  Патрульдік полиция полкінің Туристтерге қызмет көрсету тобының инспекторы полиция капитаны қызметінен бастапты.8 жылдан бері бір салада қол ұстасып бірге келе жатқан жұптардың қалай отбасы құрғанын да сөз етті. 

Майра екеуміз бір-бірімізді ұнатып, қыз-жігіт болып бір жылдан аса уақыт араласып жүрдік. Ата-анамның қолқалауымен отау құрдық. Мен достарыма келін болатын қыздың Майра екенін айттым. Әлгінде ғана білек сыбана құлшынып келген достарым формадағы қызды көріп, беттей алмай кібіртіктеп қалды. Жеңгелерім де формамен келген келінге орамал саларда қолдары дірілдеп, асып-сасып, әбігерге түсіпті. Қазір осы қызықты сәттер еске түскенде, әбден күліп аламыз. Бүгінде Алланың берген бір қыз, екі ұлын өсіріп, тәрбиелеп отырған бақытты ата-анамыз, – дейді ол.

Отбасы мен қатар ерлермен иық тіресіп Ішкі істер саласында қызмет атқару екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.

– Әрине, қыз-келіншектерге ішкі істер саласында қызмет ету қиындау. Күндіз-түн демей, уақытпен санаспай, жұмыс істеуге тура келеді. Мұндай кездердің бәрінде жанашыр жарым қасымнан табылады. Полиция қызметкері ретінде жемісті жұмыс істеп келе жатқаным, отағасының зор қолдауының арқасы деп білемін. Шырайлы Шымкенттің дамуы жолында жұбымыз жазылмай, бірге еңбек етіп келе жатқанымыз үшін өзімізді бақыттымыз деп есептейміз, – дейді полиция капитаны Майра Шекерова..

Осындай еңбектерінің арқасында  министрдің, департамент және басқарма басшылығы тарапынан бірнеше рет алғыс хаттар мен грамотаралар алды. Мұндай атақтың оңайлықпен берілмейтіні де белгілі. Әрбір ұйымдасқан қылмысты құрықтау да полицейдің жауапкершілігіне тікелей байланысты. Өз жұымысына берілмей, оны шын мәнісінде сүймей полицей болу қиын. 

Міне, жаратылысынан қарапайым, еңбек жолын халықтың тыныштығын қорғаудан бастаған Сәрсенбай Бимендиевтің өмір жолы осындай мерейлі істерге толы. Оның мұндай құрметке бөленуі еңбекке деген ынта мен тынымсыз ізденістің нәтижесі. Қырықтың – қамал алар жасына жеткен Сәрсенбай Ибрагимұлының мерейтойымен құттықтап, өткен күндердің естеліктерін тыңдап қайттық. Ат жалын тартып қамал бұзатын 40 жасқа келген туған күн иесіне құттықтай отырып, талап пен жігер жетелеген өмір өрісінде өзгелерден озып дараландыңыз. Игі істеріңіздің қашанда оңға басуына, әр қадамыңыздың қарымды болуына, ел-қоғам алдында абыройыңыздың арта беруіне тілектеспіз.