ШҚО орталығы Өскемен қаласында жер қойнауын заңсыз пайдаланушылар көбейген. Осы ретте прокуратура қызметкерлері арнайы рейд барысында бес заң бұзушылықты анықтады.
Қалалық прокуратураның мәліметінше, Өскеменде жер қойнауын заңсыз пайдалану жағдайлары жиілеп кеткен. Бүгінгі таңда заң бұзғандардың 3 ауыр жүк көлігі полицияның арнайы тұрағына қойылған. 3 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1,5 млн теңгеден астам мөлшерде айыппұл төлеуге міндеттелді.
– Осындай заңсыз әрекеттер қоршаған ортаға және мемлекет экономикасына үлкен зиян келтіріп жатыр. Сондықтан прокуратура қызметкерлері арнайы рейдтер жүргізді. Соның барысында жер қойнауы заңсыз пайдаланылған 5 орын анықталды. Атап айтқанда, әуежай аумағында, Понтон көпірінің жанындағы саяжай массивтерінде, Жібек маталар комбинатының жанындағы жаңа құрылыстарда, Ново-Явленка және Согра кенттерінде, – делінген ақпаратта.
Прокуратура қызметкерлері қала тұрғындарын заңсыздыққа бірге тосқауыл болуға шақырды.
– Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылда жалғаса бермек. Сонымен қатар, неғұрлым тиімді жұмыс істеу үшін жұртшылықтың тыс қалмауын сұраймыз. Қала тұрғындарынан белсенді азаматтық ұстаным танытып, жер қойнауын заңсыз пайдаланушылар туралы ақпарат болған жағдайда прокуратураның сенім телефонына 8 (7232)-75-86-40 нөмірі арқылы хабарласуға шақырамыз, – делінген хабарламада.