Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ «Жастар» сарайында «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін» өткізді.
«Еңбек мобильділігі орталығының» директоры Олжас Омардың сөзінше, Астанада жыл басынан бері 8 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.
«Бүгін осымен 12-ші бос орындар жәрмеңкесін өтіп жатыр. Жәрмеңкеде ұсынылған бос жұмыс орындар ішінде қызмет көрсету саласы бойынша вакансиялар саны басым. Мұндай шаралар жұмыс берушіге де, жұмыс іздеп жүрген азаматтарға да үлкен мүмкіндік береді. Мәселен жұмыс іздеп жүрген адам өзінің түйіндемесін бірнеше жұмыс берушіге ұсына алады. Жұмыс берушілер де жәрмеңке арқылы өздеріне қажетті маманды тез табады. Тамыз айының соңында тағы бір жәрмеңке өтеді. Ал жыл соңына дейін 5 жәрмеңке өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Жыл басынан бері біздің орталық 8 мың адамды жұмыспен қамтыды», – деді орталық директоры Олжас Омар.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қала аумағында орналасқан 60-тан астам мемлекеттік мекеме мен жеке кәсіпорындардағы тұрақты және уақытша жұмыс орындары бойынша 640 бос жұмыс орны ұсынылды. Жұмыс іздеп, жәрмеңкеге келгендер арасында оқу орындарын енді бітірген түлектер көп. Олар құрылыс, білім, медицина, сауда, көлік-логистика, қаржы салалардағы жұмыс берушілермен кездесіп, сұхбаттасты.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне Халық банкі, Хоум Кредит банкі, «БАЗИС-А» құрылыс компаниясы, «Центрказэнергомонтаж» АҚ, «Магнум» сауда желісі, «Мечта» дүкені, «SMEU Astana» ЖШС және басқа да көптеген жұмыс беруші компаниялар қатысты.
«Астана қаласының «Еңбек мобильділігі орталығы» жыл басынан бері 18 шағын және 2 ірі бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізді. Осы аралықта 286 жұмыс беруші 3 мыңға жуық бос жұмыс орнымен қатысты. Бүгін 75-тен астам жұмыс беруші қатысып, келушілерге 600-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Жәрмеңкеге әртүрлі саладағы жұмыс берушілер қатысты. Мысалға құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру, қаржы салалары бойынша жұмыс орындары ұсынылды. Мәселен, Полиция департаментіне 100 қызметкер, «Жасыл аймақ» ұйымына 30-40 жүргізуші қажет. Одан бөлек, Халық банкі, Хоум Кредит банкі, «БАЗИС-А» құрылыс компаниясы, «Центрказэнергмонтаж» АҚ, «Магнум» сауда желісі, «Мечта» дүкені, «SMEU Astana» ЖШС және басқа да көптеген жұмыс беруші компаниялары да осы жәрмеңкеге қатысты.
Жыл соңына дейін тағы 5 жәрмеңке өткізуді жоспарлап отырмыз. Жалпы, қазір Астанада жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрайды. Соңғы 7 айда 8 мың адам жұмыспен қамтылды», – деді Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ «Сарыарқа» Мансап орталығының басшысы Бағила Орымбетова.
Бұдан бөлек шара аясында «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс», «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламалар кәсіптік оқыту және «enbek.kz» порталымен жұмыс істеу бойынша Мансап орталықтарының мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізді.