Қызылорда облыстық девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-интернат 2005 жылдың қыркүйек айынан жұмыс істейді. Алайда облыстық білім басқармасының басшысы М.Мелдебекова бұл мекемені жабу үшін түрлі әрекетке барып отыр. Негізінде, интернатқа құқықбұзушылықты жүйелі түрде жасайтын, отбасынан және балалардың оқу тәрбие ұйымдарынан өз бетімен кетіп қалатын, ата-аналар назарынан тыс қалып қаңғыбастыққа, кезбелікке салынған он бір жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар қабылданады. Тәрбиеленушіні мектеп әкімшілігі қабылдау жөніндегі анықтамасымен мектеп инспекторы, психолог және ата-анасы келіп, баланы алып кетеді. Бала интернаттан кейін білімін өз мектебінде немесе оқу орындарында жалғастырады. Тәрбиеленушілер жас ерекшеліктеріне қарай 2 топқа бөлінеді. Интернат психологы тәрбиеленушілер арасында психокоррекциялық жұмыстар, тренингтер өткізіп, психологиялық көмек көрсетеді. Әр тәрбиеленушінің психологиялық-диагностикалық картасы жасалған. Тәрбиеленушілердің басым көпшілігі облыс, аудандық білім беру колледждерінде өздерінің қалаған мамандығымен білім алады. Интернаттан шыққан тәрбиеленушілер оқуға түсіп, отбасын құрып, жұмысқа да тұрып жатыр. Интернат тәрбиеленушілері үш мезгіл ыстық тамақпен, екі мезгіл бесіндік аспен, маусымдық киім-кешекпен, қажетті дәрі-дәрмекпен, оқу құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Тәрбиеленушілердің санитарлық-гигиеналық тазалығы үнемі бақылауда. 2014-2015 жылғы оқу жылынан бастап өзгерістерге сәйкес мекеменің оқу процесі интернатқа жақын орналасқан №112 орта мектеп және кешкі мектеппен келісімшарт жасалған. Штат саны 60-тан, 49-ға азайтылды. 2016 жылы 49 штаттық бірліктен 39 штатқа қысқартылды. Бала санының аздығына байланысты жылда интернатты жабу туралы білім басқармасы тарапынан сөз қозғалады. 2018 жылы Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы мен интернатты қосу туралы ұсыныстар жасалды. Екі мекеменің қызметтері сәйкес келмей, негіз болмады.
Ақжарма ауылында орналасқан 1968 жылы балабақшаға арналып салынған ғимарат 2005 жылы құлдырап, жарамсыз жағдайда тұрғанында 28 783 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жасалынып, интернатқа пайдалануға берілді. 2013 жылы Ақжарма ауылдық округі мекеме ғимаратын балабақша ашу мақсатында қайта алды. Алайда ғимаратта ешқандай балабақша ашылмай, ғимарат жарамсыз күйде бос, қирап, тозығы жетіп тұр. Бұл ғимарат қазір ит-мысықтың панасына айналып тұр. Девиантты мінез-құлықты балаларға қимай, тартып алғанымен, күрделі жөндеуге жұмсалған 28 783 млн желге ұшқаны ма? Сонда балалардан далада қаңғып жүрген ит-мысық артық болды ма? Бұл балалардың тағдырын кім ойламақ?Қызылорда облысының қаржы басқармасының 2013 жылы 11 қарашадағы №16 бұйрығына сәйкес Қызылорда қаласы М.Қаржаубаев көшесі №42 құрылыста орналасқан жалпы пайдалануға арналған ауданы 682,5 шаршы метрді құрайтын 1957 жылы салынған ғимаратын «Облыстық девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-интернаты» мемлекеттік мекеменің теңгеріміне берілді. Мекеме жанында теміржол вокзалы және қалаішілік автобустар тұрағы орналасқандықтан белгілі бір мақсатта пайдалануға беру көзделіп отыр ма, әлде жарамсыз күйде қала ма? Облыстық девиантты мінез-құлықты балаларға арналған интернатқа 2019 жылы 70 млн 829 теңге қаражат бөлінген. Қызылорда облысы білім басқармасының басшысы М.Мелдебекова: «Мекеме жабылған жағдайда барлық 43 қызметкерді жұмыссыз қалдырмаймын» дейді. Алайда осыдан 4-5 жыл бұрын жабылған «Макаренко балалар үйінен» босап шыққан қаншама қызметкер осы күнге дейін жұмыссыз отыр. Қызылорда облысы бойынша жергілікті полиция департаментінде есепте тұрған кәмелет жасқа толмаған балалар саны жетерлік. Ал Ақтөбе облысынан да, Қызылорда облысынан да девиантты мінез-құлқын түзетуді қажет ететін балалар жіберілмей отыр. Облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекованың қызметке келгеніне көп болған жоқ, келген күннен бастап-ақ жұмысты облыстық девиантты мінез-құлық балаларға арналған мектеп-интернатын жабу керек дегеннен бастағаны бар. «Тықылдаған тауық тумай қоймайды» деген емес пе? Майра Мелдебекованың айтуымен Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы Марат Тоғжановқа хат жолданды. Хатта: «...Ақтөбе облысынан соттың шешімімен келетін кәмелет жасқа толмаған балалардың басқа өңірлердегі девиантты мінез-құлықты балаларға арналған интернатқа жолдануына ықпал етуіңізді сұраймын» деп жазылған. Сонда облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебековаға «шығын» деген сылтаумен ғимарат алу керек пе? Әлде мемлекеттік тапсырыс алу үшін істеп отырған ісі ме? Бұны қалай түсінеміз? Сұрақ көп, жауап жоқ...