«AMANAT»: Жаңа наубайхана халық қажеттілігін өтеп тұр

Бүгінде кәсіпкер қалаға қарасты Саяхат тұрғын ауданынан наубайхана ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр.

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында  халықтың әл-ауқатын көтеруге баса мән берілген. Соның ішінде кәсіпкерлік саласын өркендету ісі аса маңызға ие.

Жалпы, елімізде қай кезде де кәсібін бастауға ниетті азаматтарға қолдау ортайған емес. Сондай мемлекеттік бағдарламаның шарапатымен наубайхана ашып, кәсібін  дөңгелетіп отырған жанның бірі – қызылордалық Азамат Қобдиков.

Бүгінде кәсіпкер қалаға қарасты Саяхат тұрғын ауданынан наубайхана ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Кәсіп иесі жалпы құны 400 млн  теңгені құрайтын өз бизнес жоспарын жүзеге асыруға мемлекеттің қолдауы аз болмағанын алға тартады.

«Өз кәсібімді жолға қою үшін көп еңбектендім. Түркиядан наубайханаға қажетті арнайы құрал-жабдықтарды тапсырыспен сатып алдым. Кәсібімді бастауға өз қаражатым есебінен 215 млн  теңге жұмсадым. Сонымен қатар «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі ұлттық жобасының субсидиялау бағыты бойынша «Даму кәсіпкерлікті қолдау қорының» қолдауымен Халық банкімен қосымша 185 млн теңге қаржы алдым. Соның нәтижесінде, наубайхана жұмысын жолға қойып, алғашқы өнімімізді шығардық»,  дейді жеке кәсіпкер Азамат Қобдиков.

Қазір өндіріс орны күніне арнайы тапсырыс негізінде 20 мың дана нан пісіреді екен. Сонымен қатар түрлі кондитерлік тағамдарды сатылымға шығарады.

Кәсіпкердің айтуынша, бүгінде наубайханада 50-ге жуық адам еңбек етуде. Келешекте кәсібін одан әрі кеңейтіп, түрлі нан өнімдерін өндіруге ниет танытып отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ

Қызылорда облысы