Салтанатты шарада Жетісу облысының намысын абыроймен қорғап, халықаралық және республикалық зияткерлік, өнер және спорт жарыстарында оза шапқан облыс оқушылары марапатталып, оларға 300 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін ақшалай сыйлықтар тапсырылды.
Лагерьдің ашылуына алыстан ат арылтып арнайы жеткен Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев алдымен демалыс орнындағы шығармашылық үйіне қойылған дарынды балалардың қолөнер және сурет көрмесімен танысты. Сонымен бірге лагерьдің ішкі-сыртқы жағдайын бағамдап, жатын бөлмелерін, асханасын, тағы да басқа орындарды аралап көрді, демалуға келген жеткіншектермен әңгімелесті.
– Бүгін халықаралық, республикалық бәсекелерде топ жарған өнерлі, білімді 100 бала «Жалын» лагеріне жиналып отыр. Демалыс орнының ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Біз балалардың заманға сай білім алуына, пайдалы демалуына ерекше басымдық береміз. Қазір ғылым мен техниканың заманы. Білімді, технологияны жақсы меңгерген жастары бар мемлекет қана озық болады. Алдағы уақытта да білім мен өнер жарыстарында Қазақстанның, Жетісу облысының мәртебесін көтеріп, жетістіктерге жете беріңіздер. Жазғы демалысты тамаша өткізіп, оқу жылына жаңа серпінмен, күш-жігер жинап келулеріңізге тілектеспін, – деген облыс басшысы халықаралық және республикалық зияткерлік шаралар жеңімпаздарын марапаттады.
Соның ішінде республикалық «Бастау» XVI олимпиадасында І орын алған Көксу ауданы Қадырғали Жалайыри атындағы мектептің 3-сынып оқушысы Жанбота Болатқа және Қ.Сәтпаев атындағы Х аймақтық олимпиадада ІІІ орын, 2023 жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада (жаратылыстану-математикалық бағыты) ІІ орын және халықаралық «Туймаада» олимпиадасында ІIІ орын иеленген, Талдықорғандағы Мұхтар Арын атындағы №24 мамандандырылған лицейінің 10-сынып оқушысы Ақбота Жұмабековаға 300 000 теңгеден, IX Халықаралық «Айбын 2023» әскери-патриоттық жастар жиынында ІIІ орыннан көрінген, Талдықорған қаласындағы Б.Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп-лицейінің әскери-патриоттық «Жас десантшылар» клубына 500 000 теңге, II Халықаралық «Ұлы дала ұрпағымыз» балалар мен жастар байқауында ІІ орын, «Жас талант» атты республикалық байқауда І орын, «Жұлдыз арт» Халықаралық байқауында ІІІ орын, V Халықаралық «Арена танца» байқауы мен Өзбекстан мемлекетінде өткен «Арена танцев» атты Халықаралық хореографиялық өнер байқауының Бас жүлде алған Көксу ауданындағы «Өнер» мектебінің «Кербез» жоғары би тобына және қыздар волейбол командаларының арасындағы республикалық ұлттық мектеп лигасының жүлдегер командасына 1 000 000 теңгеден ақшалай сыйлықтар мен облыс әкімінің алғысхаты берілді.
«Жалын» жазғы-сауықтыру лагерінде бірінші болып тынығуға келген оқушылар атынан Нұрасыл Шәріпов құттықтау сөзін жеткізіп, балалар флешмоб биледі.
Лагерь әрқайсысы 20 орынға арналған 5 корпустан тұрады. Нысанның құрылысына 1 млрд 15 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарын «Дәулет-Серпін» ЖШС жүргізіпті. Ғимараттың жалпы алаңы – 11 709 шаршы метр.
Бір ауысымда 100 бала қабылдай алатын демалыс орнында 100 орындық мәдениет үйі, 60 орындық асхана, 5 балалар ойын алаңы, 1 спорттық жаттығу алаңы, 10 демалыс орны бар. Материалдық-техникалық базасы жасақталып, интерактивті тақта, компьютерлер, спорттық ойындарға арналған жабдықтар, музыкалық аспаптар қойылған. Қазір мұнда 13 адам жұмыс істейді, олардың ішінде суға жүзу жетекшісі, денешынықтыру маманы, тәрбиеші, музыка жетекшісі сияқты арнайы мамандар да бар.
Лагерьдің бірінші ауысымында облыстағы халықаралық, республикалық олимпиада, ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздары мен спорт, өнер бағытындағы дарынды балалар демалуда. Келесі ауысымда облыстағы әскери патриоттық клубтар, кадет сыныптары, «Жас Сарбаз» қозғалысы және республикалық дебаттық қозғалыстың жеңімпаздары келеді. Алдағы жылы жазда мұнда 1 200 бала демалыспен қамтылады деп жоспарланған.
Жалпы, биыл Жетісу облысында 10 мыңнан астам бала осындай қала сыртындағы лагерьде демалады.
Болат Абаған,
Жетісу облысы