Семей орманында тағы да өрт шықты

Астана қаласы мен Қарағанды облысынан күш-құралдары өрт орнына қосымша жіберіледі.

Семей орманы резерватының аумағынан өрт шықты. Орман өрті 4 тамыз күні сағат 14.39-да Долон филиалы Байдәулет орманшылығының 7,8 кварталынан басталды.

Экология министрлігінің мәліметінше, оны сөндіруге 66 адам (36 орман күзеті, 30 ТЖД қызметкері) және 24 техника, оның ішінде 1 тікұшақ жұмылдырылған.

Өрттің болжамды аумағы - 27 гектар. Қазір  өрттің таралуы тоқтатылды, толықтай сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Төтенше жағдайлар министрлігі өртті жедел сөндіру мақсатында Абай облысы ТЖД күш-құралдары дереу оқиға орнына жіберілгенін хабарлады.

Әуеден барлау және су төгу құрылғысын пайдалана отырып, Қазавиақұтқару және Қорғаныс министрлігінің тікұшақтары жұмылдырылған.

Қазіргі уақытта ТЖМ мен орман шаруашылығының тартылған күш-құралдарының саны - шамамен 130 адам және 25 техника.

Астана қаласы мен Қарағанды облысынан күш-құралдары өрт орнына қосымша жіберіледі.