Ата-аналардың әлеуметтік желідегі түрлі наразылығы түрткі болып қозғалған «Мегамозг» оқу орталығына қатысты істің соңы қазір сиырқұйымшақтанып кетті.
Әзірге белгілісі, «Мегамозг» орталығы 145 ата-ананың әрқайсынан 100 мың мен 800 мың теңге аралығында ақша жинап алған.
«Балаларды сабаққа дайындаймыз, үй тапсырмасын орындауға көмектесеміз, тіпті тамақтандырып, тасымалдаймыз. Осы қызметтер үшін бір жылға демде төлем жасасаңыз, едәуір ақшаңызды үнемдейсіз. Себебі біз сіздерге жеңілдік береміз», – деп, ата-аналардан алдап-сулап ақша жинап алған орталыққа балалар барып жарымаған. Себебі орталықтың ашылуынан жабылуы тез болған.
Райгүл Үргешова – орталыққа ақша төлеп, алданған аналардың бірі. Ол алты айлық оқудың ақысын желтоқсанда төлеп тастаған.
– Жеңілдікпен 103 мың теңге төледім. Оның ішіне тасымал да кіреді. Маған орталықтың жабылғаны туралы 8 қаңтар күні хабар келді. Өзін орталық директорымын деп таныстырған Аида Мақсотова оқу орталығының жабылғанын айтты. Ал менің балам орталыққа тіпті барып үлгермеді. Есесіне, ақшаны алған кезде орталық еш шімірікпестен, бізбен қызмет көрсетуге байланысты келісімшарт жасасты, – дейді Райгүл Үргешова.
Алданған аналардың бірі Әсия Ізтілеуованың айтуынша, қазіргі уақытта тергеу абақтысында отырған Аида Мақсотова осы схемамен 2020 жылдан бері жұмыс істеп келген.
– «Мегазмозг» орталығының алдында ол «Индиго», «Қазақ ленд», «Бэбиленд» те болған. Осылай ашады да түрлі сылтаумен жауып тастайды, – дейді Әсия Ізтілеуова.
«Баламды оқытамын» деп алды 100 мың, соңы 800 мың теңгеге дейін орталыққа ақша төлегендердің арасында несие рәсімдегендері де бар. «Қарап отырып, алаяқтар үшін ауаға ақша төлеп отырғанымызға қынжыламыз», – дейді аналар.
Біреу, екеу емес, бақандай 145 адамды сан соқтырған орталыққа қатысты жағдайдан Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов те хабардар. Себебі ашынған аналар әкіммен осы мәселе бойынша кездесті де.
– Мен бұл іспен таныстым. Өкінішке қарай, біздің қоғамда алаяқтар бар, олар кез келген жолмен, тіпті балаларды оқыту атын жамылып ақша табуға тырысады. Бұл мәселені жан-жақты зерттеу қажет, қалалық прокуратура оны мұқият қадағалап отыруы керек. Сондай-ақ «Мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларды қосымша оқытуға лицензия беру туралы» заңға өзгеріс енгізу туралы ұсыныстар әзірлеу қажет. Мұндай істерге қатысы бар адамдар тиісті жазасын алуы тиіс, – деді Серік Шәпкенов.
Алайда құзырлы органдағылар қылмыстық істі тоқтату туралы шешімді қабылдаған.
Атырау қаласы прокурорының орынбасары Серік Ищановтың айтуынша, қылмыстық іске қатысы бар деп күдікке ілінген 5 тұлғаға қатысты істі тергеуші тоқтату туралы шешім қабылдаған.
– Қалалық прокуратура бізге жолдағаннан кейін толықтай қосымша зерделенетін болады, – деді прокуратура өкілі.
Алайда ата-аналар орталықтың директоры ғана емес, ақша қабылдап, келісім жасасқандар да қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек деп есептейді.
Еске сала кетсек, «Мегамозг» оқу орталығына қатысты алаяқтық дерегі бойынша тергеу өткен жылдың соңынан бері жалғасып келеді. Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бап, 3-бөлігі бойынша іс қозғалды («Екі немесе одан да көп адамға қатысты алаяқтық»). Тергеу бойынша күдікті ретінде бес әйел, сондай-ақ басты күдікті ретінде 29 жастағы Аида Мақсотоваға қатысты іс жүрді. Алайда жақында бес әйелге қатысты іс тоқтатылғаны анықталды. Ал бас күдікті Аида Мақсотова тергеу изоляторында отыр. Соңы сұйылып бара жатқан істің соңы немен бітетіні белгісіз.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА
Фото: smi24.kz